СҚО-да орман өрті бес есеге көбейді: биыл 24 дерек тіркелген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 5 орман өрті тіркелсе, биыл жыл басталғалы оның саны 24-ке жеткен.
СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, өткен жылы мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 10 га алқапқа өрттен зақым келген. Салдарынан орман шаруашылығы 587 мың теңге шығын шекті.
Тіркелген бес өрттің төртеуі Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қарауындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде болса, біреуі — «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің филиалы аумағында шыққан. Мұнда дала өрті 0,012 га аумақты шарпып үлгерген. Мамандар оның жайылуына жол бермеді.
Жалпы төртеуі дала өртінің таралуынан, біреуі найзағай разрядынан болған.
Ал биыл жағдай күрделірек. Осы күнге дейін облыста 24 орман өрті тіркеліп, зақымданған алқаптың жалпы аумағы — 63,5 га. Салдарынан орман шаруашылығына 6 млн теңгеге жуық залал келді.
— Биыл орман өртінің 13-і егістік алқаптарына от қоюдан және дала өртінен болды. Бес жағдайда орманға найзағай түскен, ал тағы бесеуінің себебі анықталмады. Бір жағдайда өрт ұйымдар мен кәсіпорындардың кінәсінен болған. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бақылаусыз өртеу мәселесі өзекті. Себебі жалын желдің әсерімен орман алқаптарына таралып, үлкен аумаққа залал келтіруі мүмкін, — дейді инспекцияның бөлім басшысы Иван Кох.
Бұған дейін СҚО-да биыл табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 25 фактісі анықталғанын жазған едік.