СҚО-да биыл табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 25 фактісі анықталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында биыл 61 рейд ұйымдастырылды.
СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, іс-шара барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 25 фактісі тіркелді. Оның 20-сы орман шаруашылығы саласына, 5-еуі аңшылық шаруашылығына қатысты. Осы фактілер бойынша 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Былтыр мамандар 105 рейдтік іс-шара өткізген. Нәтижесінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 76 фактісі анықталды. Заң бұзушылықтың басым бөлігі - орман шаруашылығына қатысты. Нәтижесінде құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Табиғат қорғау бағытындағы жұмыстардың маңызды бөлігі - заңсыз аң аулау фактілерінің алдын алу және оларды анықтау. Былтыр браконьерліктің 3 фактісі тіркелген. 9 бас сібір елігін атып алғандар мемлекетке 14 млн 745 мың теңге залал келтірді. Оның 11 млн 796 мың теңгесі өтелді, - дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Иван Кох.
Маманның айтуынша, биыл заңсыз аң аулаудың 2 дерегі анықталды. Браконьерлер 1 қабан және 1 сібір елігін атып алған. Жануарлар дүниесіне келтірілген залал 4 млн 865 мың теңгеге бағаланды. Қазіргі уақытта оның 3 млн 243 мың теңгесі өтелді.
Инспекция мәліметінше, СҚО-да браконьерлер негізінен сібір елігін нысанаға алады.
Бұған дейін Алматы облысында 260 келі балықты заңсыз аулаған браконьерлер сотталғанын жазған едік.