СҚО-да шетел азаматтарына заңсыз ЖСН беру деректері анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) беру кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген.

Иин
Фото: Kazinform

Бұл облыс прокурорлары жүргізген талдау нәтижесінде белгілі болды.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, шетел азаматтарына қызмет көрсету кезінде Қазақстан Республикасының «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Заңының талаптары өрескел бұзылған. Атап айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының СҚО бойынша филиалы шетел азаматтарына олардың Қазақстан аумағында нақты болмағанына қарамастан, 720 өтінішті рәсімдеп, заңсыз ЖСН берген.

Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде заңбұзушылыққа жол берген жауапты тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ заңсыз берілген ЖСН-дердің күшін жою бойынша шара қабылданып жатыр.

Сонымен қатар, осы жылдың 3 шілдесінде прокурорлық материалдардың негізінде Петропавл қаласы мен М.Жұмабаев ауданының полиция органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 206-бабы 2-бөлігі – «Ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл істің барысн облыс прокуратурасы бақылауға алды.

Бұған дейін СҚО-да отбасылық жанжалқойларға тиісті жаза қолданылмай келгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар