СҚО-да отбасылық жанжалқойларға тиісті жаза қолданылмай келген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында прокурорлар тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес барысында формализм мен немқұрайлылыққа жол берілгенін анықтады.

Бұл туралы Ззңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.
СҚО прокурорының орынбасары Александр Трикачевтің айтуынша, құқық қорғау органдары тұрмыстық жанжал шығарушыларға қатысты қорғаныс нұсқамаларын уақытылы қолданбайды, кейбір агрессорлар тіпті жауапкершіліктен мүлде сытылып кетеді. Ал зардап шеккен кей әйелдер өздері кінәлі болып шығып, айыппұл төлеген.
Мысалы, Петропавлда тұрақты түрде жанжал шығаратын тоғыз адамға қатысты қорғаныс нұсқамалары мен арнайы мінез-құлық талаптары қолданылмаған. Ал Есіл және Шал ақын аудандарында отбасылық жанжал үшін жауапқа тарту орнына, агрессорлар жазадан жалтарып, тек жеңіл баптармен шектелген.
Есіл және Ақжар аудандарында құқық бұзушылардың әрекеттеріне дұрыс құқықтық баға берілмей, олардың әрекеттері жеңілдетіліп көрсетілген. Ал, Тимирязев, Қызылжар және Ақжар аудандарында жанжалқойларға қарсы арыз жазудан бас тартқаны үшін зардап шегушілерге жалған шақыру жасады деп айып тағылып, айыппұл салынған. Бұл шешімдердің барлығы кейін жойылып, әйелдерге ақшалары қайтарылды.
- Қылмыстық істер бойынша да елеулі кемшіліктер бар. Небары 46 қылмыстық іс қозғалып, оларды тергеу мерзімдері сақталмаған, толық тергелмеген. Кей жағдайларда сараптамалар тағайындалмастан, арыздар наряд арқылы есептен шығарылған. Бұл – құқық қорғау органдары тарапынан немқұрайлықтың белгісі.
Мұның соңы қайғылы аяқталады. Мысалы, Тайынша ауданында анасына үнемі қол көтеріп жүрген ұлы ақыры оны өлтіріп тынды (Бондарь ісі). Петропавлда кезекті жанжалдың бірінде азаматтық некедегі күйеуіне ауыр дене жарақатын салған (Вересова оқиғасы). Осыған ұқсас жағдайлар Ғ. Мүсірепов, М. Жұмабаев аудандарында да болды, - дей ді Александр Трикачев.
Прокурордың айтуынша, кейде тиісті органдар тарапынан формализм танытылып, мәселе еленбей қалады. Мысалы, Шал ақын ауданында Тасмурзинова есімді әйелді бірге тұратын ер адам бірнеше рет соққыға жыққан, барар жері жоқ ол зорлық-зомбылықтан суицид жасауға да әрекеттенген. Прокуратураның үйлестіруімен әйел жұмыссыз ретінде тіркеліп, оған ішімдікке тәуелділіктен арылуға көмек көрсетілген.
- Зардап шегушілердің көпшілігі көмек алу мүмкіндігі туралы мүлде хабарсыз болған. Бұл – ақпараттандыру жұмысының әлсіздігін көрсетеді. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың жұмысы тек жалпы ұсынымдармен шектелген, бұл – түбегейлі өзгеріс қажет екенінің айғағы, - дейді Александр Трикачев.
Бұған дейін СҚО-ның бірнеше ауданында балаға қатысты туыстары тарапынан сексуалды зорлық-зомбылық жасалғанын жазған едік.