СҚО-да шыршаларды браконьерлерден қорғау үшін күзет күшейтілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды кесуге жол бермеу үшін стационарлық бекеттер құрылды.

СҚО-да шыршаларды браконьерлерден қорғау үшін күзет күшейтілді
Фото: СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, желтоқсанның бірінен бастап облыс аумағында 109 мобильді топ құрылды. Оның құрамына мемлекеттік орман күзеті қызметкерлері кірген. Сондай-ақ 15 стационарлық бекет уақытша жұмыс істеп жатыр. 

Мамандардың айтуынша, бір түп қылқан жапырақты ағашты, яғни қарағай немесе шыршаны кесіп, зақымдағандардан 15 АЕК мөлшерінде — 59 мың теңге шамасында залал өндіріледі.
Бұдан бөлек, ағашты кескен жеріне байланысты құқық бұзушыға салынатын айыппұл мөлшері 50 АЕК-тен -196 000 теңгеден 1500 АЕК-ке дейін — 6 млн теңге дейін әкімшілік айыппұл салынады. Сондай-ақ, браконьерлерден заңсыз кесілген ағаштар, көлік құралдары және құқық бұзушылық жасауға пайдаланылған өзге де заттары тәркіленеді.

СҚО-да шыршаларды браконьерлерден қорғау үшін күзет күшейтілді
Фото: СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Ал, егер заңсыз кесілген ағаштан мемлекетке келтірілген залал 50 АЕК мөлшерінен асатын болса, материалдар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 340-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына жолданады.

Қылқан жапырақты ағаштарды қорғауға құқық қорғау органдары да ат салысады. Инспекция тәртіп сақшыларымен бірлесіп облыс аумағында осы мақсатта рейдтік бақылау шараларын жүзеге асырмақ.

Бұған дейін Алматы облысында бір айда браконьерлікке қатысты 11 қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар