СҚО-да су тасқыны қаупінің беті қайтар емес
Қатер төнгелі төтенше жағдайлар қызметкерлеріне де дамыл жоқ. Арнайы құрылған топ тәулік бойы кезекшілікке шығып, тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Былғары зауыт кентінде ағын су биыл да бау-бақша, қора-қопсыны түгел жайпап, үйлерге жақындап қалған.
Заречный кентінің жағдайы тіптен мүшкіл. Елді мекен судың ортасында қалған аралға айналған. Көктемгі тасқын Заречный кентінің тұрғындарын жыл сайын әбігерге түсіреді. Ауыл тұрғындары судың деңгейін түспей, осы өтпелі көпірмен жүруге мәжбүр. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, судың деңгейі соңғы рет 10 сантиметрге көтерілген. Қатер төніп, қауіп күшейгелі арнайы топ құрылып, жағдай қатаң бақылауға алынды.
«Қазір тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар жүріп-тұруы қиын адамдарды көшіріп жатырмыз», - дейді Петропавл қалалық ТЖБ бас маманы Болат Құсайынов.
Апат айтып келмейді. Есіл өзенінің деңгейінің тағы да көтерілуі ғажап емес. Бұл ретте тұрғындарды көшіру шаралары ұйымдастырылып, қоныстар дайындалды.