СҚО-да тасқын қаупін болжау үшін қар жамылғысының көрсеткіштері өлшеніп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында мамандар қар жамылғысының биіктігін, тығыздығын және қардағы су қорын бағалап жатыр.
«Қазгидромет» кәсіпорны СҚО филиалының мәліметінше, облыс аумағында ұзындығы 1000 метрден 2000 метрге дейінгі 31 далалық қар өлшеу маршруты жұмыс істейді. Осы бойынша көктемгі су тасқынының қалыптасуына тікелей әсер ететін қар жамылғысының негізгі параметрлері анықталады.
Сонымен қатар, 2018 жылдан бері «Қазгидромет» кәсіпорны филиалының мамандары СҚО Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қар жамылғысындағы есепке алынбаған ылғал қорларын анықтау мақсатында сайлар, жыралар және өзен арналары бойымен маршруттық қар өлшеу тексерулерін жүргізіп келеді. Биыл мамандар бұл жұмысты 30 қаңтарға дейін атқармақ.
Алдын ала талдау нәтижесінде Есіл ауданы, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан және Айыртау ауданы аумағында орналасқан Есіл өзенінің су жиналу алабында жеті бақылау орны таңдап алынды. Қазір зерттеу оның екеуінде аяқталды.

Мәселен, Есіл ауданындағы Мальцево сайында қар жамылғысындағы су қоры 52 мм болды. Бұл — 2025 жылмен салыстырғанда 33%, ал 2024 жылмен салыстырғанда 47% төмен.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан аумағындағы Мұқыр өзенінде қардағы су қоры 26 мм болды. Бұл 2025 жылғы деңгейге сәйкес, алайда 2024 жылмен салыстырғанда 55% аз.
Жиналған деректер СҚО-дағы гидрологиялық жағдайды бағалау, сондай-ақ көктемгі су тасқыны қаупін алдын ала болжау үшін қолданылады.

Бұған дейін еліміздің бірқатар өңірінде су басу қаупін азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатқанын жазған едік.