Өңірлерде су тасқынының алдын алу шаралары қалай жүзеге асырылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің бірқатар өңірінде су басу қаупін азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Шығыс Қазақстан облысында тасқын және еріген қар суы басу қаупі бар елді мекендердің тізбесіне 71 елді мекен енгізілген. 2025 жылы өңірде 28 инженерлік іс-шара жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 900 метр қорғаныш бөгеттері жөнделді, жалпы ұзындығы 13 072 метр су бұру арналары тазартылып, тереңдетілді, сондай-ақ көпірлер мен автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бір гидротехникалық нысан жөндеуден өтті. Облыста «Ситуациялық орталық» ақпараттық жүйесі базасында су тасқыны жағдайын бақылаудың бірыңғай кешені енгізілді. Ол ГАЖ-модульді, болжам жасау құралдарын және кіріктірілген жасанды интеллект моделін қамтиды. Жүйе 49 гидробекет бойынша 7 тәулікке арналған болжам қалыптастырып, тәуекелдерді алдын ала анықтауға және уақтылы алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында арнайы техниканың көмегімен арналарды тазалау және нығайту жұмыстары жүргізіліп, өзеннің айналма учаскелері тереңдетіліп, кеңейтілді. Сонымен қатар ұзындығы 200 метр, биіктігі 2,5 метр болатын қорғаныш бөгеті салынды.
Ал Қызылорда облысында су тасқынының алдын алу жөніндегі инженерлік іс-шаралар аясында қорғаныш бөгеттері нығайтылып, Ақлақ гидроторабына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар инженерлік жоспарға сәйкес 8 нысанда жалпы ұзындығы 49,4 шақырымды құрайтын қорғаныш бөгеттерін нығайту жұмыстары атқарылды.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында Қарабек көлінен Бескөл ауылының ескі арнасы бағытына қарай 880 метр су құбырын көлденең бағытта бұрғылау әдісімен тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Суды айдауға арналған электр сорғысы орнатылған жеке ғимарат салынды.
— Барлық атқарылып жатқан іс-шаралар су тасқыны қаупін азайтуға, халық пен инфрақұрылымды қорғауға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға және уәкілетті органдар мен қызметтердің дайындық деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған, — делінген ақпаратта.
Еске салайық, бұған дейін су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша елімізде 69 гидротехникалық нысан жөнделіп жатқаны туралы жаздық.