СҚО-да тексерілген мемлекеттік органдар ғимараттарының әр төртіншісінде ғана пандус болған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік органдар ғимараттарына мониторинг жүргізіліп, пандустардың болуы және олардың нормативтік талаптарға сәйкестігі тексерілді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, мониторинг департаменттің мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының бастамасымен ұйымдастырылды. Нәтижесінде 25 мемлекеттік мекеме жоспардан тыс тексерілді. Соның 19-ында заңбұзушылықтар анықталған.
- Ақжар ауданында төрт ауылдық округ әкім аппараты, Ақжар ауданы полиция бөлімі, Ақжар ауданының архивінде, Айыртау ауданы үш ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратында, Есіл ауданы сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ветеринарлық станция, Явленканың №1 мектебі ғимаратында, Уәлиханов ауданы сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Ішкі саясат бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі және М.Жұмабаев ауданы Полудинский, Чистовский ауылдық округтерінің әкім аппараттары, экономика және қаржы бөлімі ғимараттарында пандус болмады, - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті мамандары.
Петропавлдағы СҚО бойынша Экология департаменті де талапқа сай болмады. Анықталған олқылықтарды жою мерзімін көрсете отырып, 19 мемлекеттік мекемеге ұйғарым шығарылды.
Сондай-ақ 2 ұйым - СҚО бойынша экология департаменті және Явленканың №1 мектебі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 83-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Павлодарда мүгедектердің тактильді жолақтары мен пандустары талапқа сай болмағанын жазған едік.