Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

СҚО-да «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның Деректердi өңдеу орталығы пайдалануға берiлдi

АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавлда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Деректердi өңдеу орталығы пайдалануға берiлдi. Онда Солтүстiк Қазақстан облысының мемлекеттiк органдары серверлiк құрылғысын орналастыра алады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

СҚО-да «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның Деректердi өңдеу орталығы пайдалануға берiлдi

Деректердi өңдеу орталығы (ДӨО) Қазақстан Республикасының «электрондық үкiметi» үшiн өңiрлiк деңгейдегi инфрақұрылымдық алаңы болып табылады, оның барлық инженерлiк жүйелерi сақтық қорда сақталған. Бұл ДӨО-ның тоқтаусыз жұмысы мен бағдарламалық-аппараттық кешендердiң iстен шығуға төзiмдiлiгiн 99,749% деңгейiнде сақтауын және мәлiметтердің жүйеде рұқсат етiлмеген қолжетiмдiлiктер мен бұзылыстардан сақталуын қарастырады. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаевтың айтуынша, орталық «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттiк бағдарламасы мен үдемелi индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында iске қосылды. «Бүгiнгi күнi жоба елiмiздiң 13 өңiрiнде жүзеге асырылған. Жоба Қазақстанда электрондық үкiметтiң әрi қарай дамуының инфрақұрылымдық алаңына айналады. Жылдың соңына дейiн ДӨО Алматыда iске қосу жоспарланған», - деп хабарлады Р.Еңсебаев. Бүгiнгi таңда ДӨО Colocation мен Hosting қызметтерiн ұсынады. Colocation қызметi мемлекеттiк органдардың құрылғысын орналастыру мен инфрақұрылымның жалға берiлуiн қамтамасыз етеді. Hosting - бұл тұрақты түрде желiде орналасқан серверде ақпаратты орналастыру үшiн есептеу қуатын ұсыну қызметi. «Бiздiң орталықтың қызметтерiн пайдаланудың негiзгi артықшылықтары болып мемлекеттiк органдардың серверлiк бөлімдерін құру, жабдықтау мен әрi қарай жаңарту үшiн жұмсалатын шығындарын азайту табылады», - деді СҚО ақпараттық технологиялар орталығының директоры Нариман Шахметов. Оның айтуынша, орталықтың жоғары бiлiктi қызметкерлерi серверлiк жабдықтың тоқтаусыз жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi.