СҚО-да жарты жылда мемлекеттік қызмет заңнамасын бұзудың 500-ге жуық фактісі анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының сақталуына қатысты жүргізілген тексерістердің қорытындысы шықты.

мемқызметші
Фото: freepik.com

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың сақталуына қатысты жыл басынан бері 24 тексеру жүргізген. Нәтижесінде заңды бұзудың 481 фактісі тіркелді.

Департаменттің бас маманы Диана Салғаринаның айтуынша, тексерулер барысында кадрлық процестер, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері, тәртіптік жауапкершілік, сондай-ақ заңда белгіленген өзге де рәсімдер зерделенді.

- Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасу бойынша конкурстарда талаптардың бұзылуы жиі кездеседі. Осындай 60-тан астам факті анықталды. Оның ішінде: кандидат келісім бергенімен әңгімелесу бейнежазбасын жарияламау; эсселерді конкурстық комиссия мүшелерінің бағаламауы; хабарландыруда біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін мамандықтарды көрсету сияқты жайттар бар. 

Мұндай олқылықтар конкурстың ашықтығын төмендетеді, - дейді Диана Салғарина.
Іссапар шығындарын өтеуде де кемшіліктер анықталды, 17 жағдайда төлем уақытында жүргізілмеген. Мәселен, бір облыстық мемлекеттік органда іссапар шығындары 18 күннен кейін ғана өтелген.

Жыл сайынғы еңбек демалысына қатысты да заңбұзушылықтар тіркелді: 21 жағдайда демалыс ақысы кешіктіріліп төленген, ал Петропавлда екі қызметшіге ұзақтығы екі аптадан кем болмайтын демалыс мүлде берілмеген.

- Мемлекеттік органдарда лауазымдық нұсқаулықтарды рәсімдеу кезінде заңды бұзудың 40-тан астам дерегі анықталды. Олардың ішінде: күшін жойған нормативтік актілерді көрсету; талапқа сай келмейтін білім деңгейін енгізу; бар болса да бағынысты лауазымдардың тізімін қоспау секілді олқылықтар бар.

Тексеру нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің белгіленген мерзімде біліктілігін арттыруға бармаудың 84 жағдайы тіркелді. Бұл үздіксіз кәсіби даму қағидатының жиі бұзылатынын көрсетеді, - дейді департаменттің бас маманы.

Бұған дейін СҚО-да 16 миллионға жуық бюджет ақшасын жымқырған шенеунік сотталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар