СҚО-да 750 мың тонналық қуаты бар жем комбинатының құрылысы аяқталуға жақын

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысына жұмысы аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров негізгі агроөндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

СҚО-да жылына 750 мың тонналық қуаты бар жем комбинатының құрылысы аяқталуға жақын
Фото: АШМ

— Атап айтқанда, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда министр «Новоишимский мелькомбинат» серіктестігіне қарасты жем комбинатының құрылысының тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорын заманауи автоматтандырылған желілермен жабдықталған және жылына 750 мың тонна өнім шығаруға есептелген. Жобада сыйымдылығы 9 мың тонна элеватор, тазалау және орау цехтары, роботтандырылған қойма қарастырылған. Жобаның құны — 4,1 млрд теңге, — делінген хабарламада.

Қазір негізгі жабдықтар монтаждан өтіп, іске қосу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынды биылғы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.

СҚО-да жылына 750 мың тонналық қуаты бар жем комбинатының құрылысы аяқталуға жақын
Фото: АШМ

Жобаның жүзеге асуы өңірдің мал шаруашылығы кәсіпорындарын сапалы жеммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Айдарбек Сапаров «Буденное СК» серіктестігіндегі 1 200 бас ірі қара малға арналған сүт-тауарлық ферманың құрылысы барысымен танысты. Жобаның құны — 9,0 млрд теңге. Ферманың жобалық қуаты — жылына 10 мың тонна сүт өндіруге жоспарланған.

Құрылыс жұмыстары іс жүзінде аяқталды. Биылғы жылдың соңына дейін голштин-фриз тұқымды 660 бас ірі қара мал жеткізу жоспарланған.

Айта кетейік, биыл аталған облыста 14 сүт-тауарлы ферманың құрылысы үшін барлығы 13,2 млрд теңге қаржы бөлінді.

Бұдан бұрын СҚО-да бұрын-соңды асфальт болмаған 51 елді мекенде жол салынғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар