СҚО-да жоғары сұранысқа ие ТОП-5 мамандық белгілі болды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында алдағы екі жылда еңбек нарығында кадр тапшылығы сақталып, шамамен 5 мыңға жуық маман қажет болады. 

СҚО-да жоғары сұранысқа ие ТОП-5 мамандық белгілі болды
Коллаж: Kazinform/Freepik

СҚО Кәсіпкерлер палатасы жұмыс берушілер арасында дәстүрлі сауалнама жүргізіп, нәтижесін жариялады. Зерттеу қорытындысы алдағы кезеңге мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру кезінде ескерілмек.

Биыл сауалнама 2 ақпан мен 20 наурыз аралығында жүргізіліп, оған облыстағы 1,5 мыңға жуық кәсіпорын қатысты. Оның ішінде 800-ден астамы жеке кәсіпкер, қалғаны – заңды тұлға. Қатысушылардың басым бөлігі шағын және микробизнес өкілдері, яғни 10 адамға дейінгі қызметкері бар 917 кәсіпорын және 10-нан 99 адамға дейін жұмыс істейтін 443 шағын компания қамтылды. Сонымен қатар 88 орта және 23 ірі кәсіпорын қатысты. Олардың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Сондай-ақ білім беру, көлік, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жұмыс берушілер де белсенділік танытқан.

– Жүргізілген мониторингке сәйкес, 2026–2028 жылдары өңірде 5 мыңға жуық маманға қажеттілік туады. Оның басым бөлігі – 3,1 мың адам немесе жалпы сұраныстың 64%-ы Петропавл қаласына тиесілі. Сонымен қатар Есіл ауданында 244, Аққайың ауданында 229, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 183 және Тимирязев ауданында 177 маман қажет болады. Кейінгі үш жылда алғаш рет мемлекеттік басқару саласы кадр жетіспеушілігінен көш бастады, мұнда қазір 1114 бос жұмыс орны бар, - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығында 822, сауда саласында 509, өңдеу өнеркәсібінде 416 бос жұмыс орны тіркелген. Электр энергиясы мен газбен жабдықтау саласында да сұраныс жоғары – 545 вакансия тұр. Ал тау-кен өнеркәсібі мен ақпарат және байланыс салалары кадр жетіспеушілігінен соңғы орында тұр. 

Зерттеу нәтижелері еңбек нарығында жұмысшы мамандықтары мен техникалық білікті кадрларға сұраныс жоғары екенін көрсетті. Ең қажет мамандықтардың қатарында аспаз, электромонтер, логопед, автослесарь және тракторшы-машинист бар. Сонымен қатар механизатор-инженерлерге, медициналық қызметкерлерге және дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне де сұраныс сақталып отыр.

– Білім деңгейіне келсек, жұмыс берушілердің басым бөлігі техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды қажет етеді. Мұндай 3 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Жоғары білімі бар 1250 маман керек. Сонымен қатар тек мектеп білімі бар азаматтарға 304 вакансия ұсынылған. Қысқа мерзімді курстардан өткен 62 адам жұмысқа тұра алады. 217 жағдайда білім деңгейі маңызды емес, - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Ирина Торопова.

Жиналған деректер тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестендіру, сондай-ақ білім гранттарын тиімді бөлу үшін пайдаланылатын болады.

Бұған дейін Қазақстанда 10 мың жұмысшыға 7 роботтан ғана келетінін жазған едік.

Дьявол носит Prada 2
Ұқсас жаңалықтар

233 млн доллар: «Дьявол носит Prada 2» фильмі әлемдік прокатта бірінші орынға шықты