СҚО-да жыл басынан бері 54 интернет алаяқтық дерегі тіркелді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 782 интернет алаяқтық тіркелсе, биыл қылмыстың осы түріне қатысты тұрғындардан 54 шағым түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да жыл басынан бері 54 интернет алаяқтық дерегі тіркелді

СҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, желтоқсан айының соңында Петропавл тұрғыны полицияға шағымданып, белгісіз біреудің оның атына 2 млн теңге несие рәсімдегенін айтқан.

Телефонмен сөйлескен кезде алаяқ оған өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, біреулердің несие алуға тырысып жатқанын, бұған жол бермеу үшін телефонға «Анидеск» деп аталатын арнайы бағдарламаны жүктеу керектігін айтқан.

Жәбірленуші нұсқауларды орындап, бағдарламаны жүктеп, барлық сұраған ақпаратты белгісіз адамға телефон арқылы хабарлаған.

Осыдан кейін алаяқ өз құрбанының банктік шоттарына қашықтан қол жеткізіп, біраздан кейін 2 млн теңге сомасына несие ресімдеген.

Тағы бір тұрғын оның атына несие ресімделгенін сот орындаушылары хабарласқанда ғана білген.

«Петропавл тұрғынының айтуынша, ол ешкімге жеке деректерін бермеген және несие алмаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында облыс орталығының 34 жастағы тұрғыны анықталды. Ол жауап алу барысында кінәсін мойындады. Ер адам ауруханалардың бірінің жанынан өтіп бара жатып, бір әйелдің жеке деректері бар медициналық анықтамасын тауып алған. Ақша керек болғандықтан интернет арқылы әйелдің атына онлайн несие ресімдемек болады. Бірнеше әрекеттен кейін ұйымдардың біреуі оған несие берген», - дейді Марат Жұмалиев.

Полицейдің айтуынша, СҚО-да интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері: банк қызметкерлерінің жалған қоңыраулары, танымал жарнама сайттарында тауарларға тапсырыс беруу және аз ақша салу арқылы мол қаражат алу.

«Интернет алаяқтар жақсы дайындықтан өткен, адам психологиясын біледі, сөз арасында банк терминдерін қолданады, әңгіме барысын алдын ала жоспарлайды. Сондықтан белгісіз берулер қоңырау шалған жағдайда бірден телефон тұтқасын қойған жөн. Интернет арқылы тауар алғанда танымал сайттарды таңдаған жөн. Алдын ала төлем сұраса, бұл сіздің күдігіңізді тудыруы қажет.

Тағы бір ескеретін жайт, банкоматтан ақша алғаннан кейін немесе төлем терминалдары арқылы операция жүргізген соң түбіртектерді қалдырмау керек. Өйткені көбіне чектерде азаматтардың ұялы телефон нөмірі, ЖСН нөмірлері болуы мүмкін. Сондықтан сақтық ретінде түбіртектерді жойып немесе алып кеткен жөн», - дейді Марат Жұмалиев.