СҚО-дағы Прибрежное мен Тепличное елді мекендерінде тасқынға қарсы бөгет тұрғызылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы көктемдегі жағдай қайталанбас үшін бөгеттерді салу және нығайту жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта елді мекендердің маңынан салынған 8 бөгеттің екеуі дайын тұр.

бөгет жөндеу
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атқарылып жатқан жұмыстың барысын және сапасын тексерді. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Петропавл мен Қызылжар ауданындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту және кеңейту жұмыстарын тексердім. Барлығы 8 бөгет қамтылды. Міндетті орындау үшін 158 техника қолданылып, 1,5 млн тонна инертті материалдар жеткізілді. Бөгеттердің биіктігі айтарлықтай ұлғайтылды. Бүгінде Прибрежное мен Тепличное ауылдарында бөгеттер дайын. Облыс орталығындағы жұмыстар аяқталуға жақын. Бұл жұмыс мамандардың қатысуымен ғылыми негізде жүргізілді. Ғалымдардың айтуынша, биылғы тасқын кезіндегі судың максималды деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша 98,58 метрді құрады. Жаңа бөгеттердің биіктігі артығымен жобаланып, 101,2 метрге жетті, бұл болашақта елді мекендерді су тасқынынан сенімді қорғауға кепілдік береді», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бұған дейін, СҚО-да бөгеттерді нығайтуға 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінгенін жазған едік. Бұл «Демеу» корпоративтік қорынан және жергілікті бюджеттен бөлінген ақша.

Естеріңізге салайық, «Бірлік» шағын ауданында тасқыннан зардап шеккендерге арналып салынған үйлердің соңғы легі 15 қыркүйекте салтанатты түрде пайдалануға берілді.