СҚО-да 5 млрд теңгеге тасқын шайған қорғаныс бөгеттері қалпына келтіріліп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі алапат тасқында қорғаныс бөгеттерін және автожолдардың кейбірін су шайып кетті. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Бөгеттерді көтеріп, нығайтуға ғана 5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Биылғы су тасқынының салдарын жою және 2025 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары «AMANAT» партиясы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысында айтылды.
«AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданындағы 8 қорғаныс бөгетін қалпына келтіруге «Демеу» корпоративтік қорынан 4,8 млрд теңге бөлінді. Тағы 627,6 млн теңге жергілікті бюджеттен жұмсалды. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Бұзылған бөгеттер қайта салынып, барынша нығайтылады.
«Автожолдардың зақымдалған 42 учаскесінің 38-і толығымен қалпына келтірілді. Бұл үшін ҚР төтенше резервінен 5,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні 4 учаскеде қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. «KAZ Minerals Demeu» компаниясының қаражаты есебінен Петропавлдағы бірінші көтергіш сорғы станциясында 3,2 млрд теңгеге қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда бірінші кезеңнің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды», - дейді облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Қазіргі уақытта тасқын құлатқан 184 тірек қалпына келтіріліп, 12 км электр тарату желілері салынды. Су басқан елді мекендерде қосымша 33,9 км электрмен жабдықтау желілері салынып, 480 тірек орнатылды. Жалпы кәріз коллекторларын, жолдарды, электр желілерін, білім беру нысандарын жөндеуге, бөгеттерді нығайтуға және орнатуға, қоқыстарды шығаруға және басқа да іс-шараларға жергілікті әкімдіктің төтенше резервінен 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Биылғы көктемде СҚО-да барлығы 3898 үйді су басқан болса, оның 2191-і Петропавлда. Қалған 1546-сы Қызылжар ауданында тіркелген. Су тасқыны салдарынан ұзындығы 44 км электр тарату желісінің 414 бағаны зақымданды.
Естеріңізге салайық, «Бірлік» шағын ауданында тасқыннан зардап шеккендерге арналып салынған үйлердің соңғы легі 15 қыркүйекте салтанатты түрде пайдалануға берілді. Шамамен бес айдың ішінде жазық далада 700 үйі бар елді мекен пайда болды.