СҚО полицейлері өткен жылы 6 мыңнан астам криминалдық зерттеу жүргізген
Хабарламада көрсетілгендей СҚО Полиция департаментінің Жедел криминалистика бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Игорь Семеновтың мәліметінше, өткен жылы криминалдық полиция қызметкерлері оқиға орнына 4,5 мыңнан астам рет шақырылып, нәтижесінде 2533 қол ізі, 2040 трасологиялық, 207 одорологиялық із және 287 микробөлшек алынды.
Оның айтуынша, криминалдық істі қарауда барлық із түрлері, көлік және бұзу құралдары мұқият зерттеледі.
«Бірде қылмыскерді жерде қалған тізесінің, яғни матаның ізі бойынша күдіктінің шалбарының матасымен сәйкестендіру арқылы анықтау мүмкін болды. Көбінесе аяқ киім іздерімен жұмыс істейміз. Мысалы, аяқ киім іздері вокзал ауданында және Жұмысшы кентінде жасалған бірнеше ұрлыққа қатысы бар 30 жасар қала тұрғынын анықтауға септігін тигізді. Бұдан бұрын ұқсас қылмыстар үшін сотталған қаскөй жер үйлерге кіріп, ақшаны қолды қылған. Ол ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлімі «Ұрлық» жасау бойынша сотталды. Оның аяқ киімінің іздері ең маңызды дәлелдердің бірі болды»- дейді И. Семенов.
Мәлімдемеде айтылғандай, 2018 жылы СҚО ПД криминалистері 14 447 жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу әрекеттеріне қатысты. Одан бөлек, 6205 криминалдық зерттеу мен 5695 тексеріс жүргізген, сол сияқты 474 фоторобот жасады.