СҚО прокуратурасы заңсыз контенті бар 205 интернет-ресурсты бұғаттады
АСТАНА. KAZINFORM — СҚО прокуратурасы ата-аналарды балалардың интернет қауіпсіздігіне мән беруге шақырды.
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары заңсыз контенті бар топтарды бұғаттады. Қадағалау органы әлеуметтік желілер мониторингі шеңберінде экстремистік, террористік сипаттағы ақпарат, жасөспірімдердің суицидін насихаттау және балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері таратылған топтарды анықтады.
— Мысалы, «POZOR PETRO» Telegram-арнасында кәмелетке толмағандардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін посттар, сондай-ақ сексуалдық сипаттағы бейнероликтер орналастырылды. «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қабылданған шаралармен аталған топтарға кіру бұғатталған. Жыл басынан бері облыс прокуратурасы заңсыз контенті бар 205 интернет-ресурсты бұғаттады, — делінген ведомство хабарламасында.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы ата-аналарды кәмелетке толмағандардың ақпараттық қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға, олардың интернет-белсенділігіне қызығушылық танытуға және олар қарап отырған мазмұнды бақылауға шақырады.
Ата-аналардың балаларына уақыт бөліп, интернетті қауіпсіз пайдалану туралы үнемі айтып отыруы, сондай-ақ олардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі белсенділігін бақылауы балаларды заңсыз әрекеттер мен зиянды контенттен қорғауға көмектеседі.
Бұған дейін Алматы облысында интернет-алаяқтыққа қатысты 518 жалған хабарландыру бұғатталғаны айтылды.