СҚО тұрғыны жаңажылдық ертеңгіліктерге 20 жылға жуық патриоттық киім тігіп келеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Жаңажылдық ертеңгіліктерде бұрын балалар жан-жануар кейпінде немесе ертегі кейіпкері болып киінсе, қазір сән өзгерген. 

СҚО тұрғыны жаңажылдық ертеңгіліктерге 20 жылға жуық патриоттық киім тігіп келеді
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Петропавлда дәстүрлі президенттік шырша өтіп, ертеңгілік 200 баланың басын қосты. Саумалкөл ауылындағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Екатерина Сушко биыл «Қазақстан халқы Ассамблеясы» атты костюммен келді. Ерекше киімді ұстазы Светлана Варнавина бір ай бойы дайындаған.

Бұл – Светлана Владимировнаның патриоттық тақырыпта тіккен алғашқы костюмі емес. Еңбек пәні мұғалімі жаңа жыл мейрамына дайындықты бірер ай бұрын бастап, жұртты қиялынан шыққан үлгілермен таң қалдырып келеді.

СҚО тұрғыны жаңажылдық ертеңгіліктерге 20 жылға жуық патриоттық киім тігіп келеді
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Сол себепті биыл осы тақырыпты таңдадым. Жылтырағы бар материал, моншақтар, фетр, фоамиран, жарықдиодты лента қолданылды. Бас киімнің төбесінде шаңырақ, ортасына бәйтеректі орналастырып, етегін қазақы оюмен көмкердім. Сондай-ақ Ассамблеяның белгісі бар. Көйлегі де ұлттық стильде тігіліп, Қазақстан халқының достығы мен бірлігін көрсететін элементтермен безендірілген, - дейді Светлана Варнавина.

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Саумалкөл ауылындағы бұрынғы балалар үйі, қазіргі балаларды қолдау орталығында еңбек пәнінен инструктор болып 20 жылға жуық еңбек етеді. Көкшетау педагогикалық институтын «Технология, сурет және еңбек пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген оның білім саласында 30 жылдан астам еңбек өтілі бар.

СҚО тұрғыны жаңажылдық ертеңгіліктерге 20 жылға жуық патриоттық киім тігіп келеді
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Бірде мектеп әкімшілігі жаңажылдық шыршаға костюм тігуімді өтінді. Осылайша арманым орындалды десем де болады. Өйткені киім дизайнері болуды мектеп жасынан армандаған едім, бірақ сол бағытта білім алуға мүмкіндік болмады.

Шығармашылық адамы болғандықтан маған барлық әдемі нәрсе ұнайды, ол мейлі табиғат болсын, бірден фотоға түсіріп алуға тырысамын, әдемі нақыл сөздерді, түрлі суреттерді жинаймын. Музейден, көрмеден жақсы әсер аламын. 

Тігу барысында осы көргендерім ой қосады, қиялыма ерік беремін. Бір қызығы, бүкіл костюмдерім патриоттық мағынада тігілген. Алдағы жылы неге басымдық берілетінін есепке аламыз, мерейлі дата бола ма, соған қарай костюмнің тақырыбы анықталады, - дейді шебер.

Президенттік шыршаға костюм тігу барысында 2017-ші жылғы ЭКСПО да ұстаздың назарынан тыс қалмаған. Кейін «Тәуелсіздік патшайымы», «Астана», «Самұрық» атты киім үлгілері пайда болды.

СҚО тұрғыны жаңажылдық ертеңгіліктерге 20 жылға жуық патриоттық киім тігіп келеді
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Ең бірінші тіккен костюмім «Бәйтерек» болды. Ал «Қазақстан таңы» деп аталған костюммен Президенттік шыршада бас жүлдені жеңіп алдық, өте керемет сәт, бұл бізге қанат бітірді.

Жалпы костюмді тікпес бұрын алдымен эскизі әзірленеді. Қаңқасына аса мән берем. Тек содан кейін ғана іске кірісемін. Бірақ кейде жұмыс барысында кей бөлшектерін өзгертуге тура келіп жатады. Қолданылған материал немесе түсі ұнамауы мүмкін.

Осы аралықта 20 шақты костюм тіккен екенмін. Қазір соларға қарап отырып, қалай ойлап тапқанмын және соның бәрін жүзеге асырғанмын деп өзіме-өзім таң қаламын.

Жұмыста қолда бар материалдардың бәрін – түрлі-түсті моншақтар, пайеткалар, бисер, жарық диодты ленталар, ал көйлекке негізінен қамқа сияқты әдемі қымбат материал қолданамын. Әдетте бір костюмді әзірлеуге 2 ай уақыт кетеді. Мысалы «Қазақстан таңы» деп аталған костюмді тігуге бисер қолдандық, бұл көп уақытты алды, - дейді ұстаз.

Мамандығы тігінші болмаса да, Светлана Варнавинаға костюм тігіп беруді өтінетіндер жетерлік. Қазір орталықтағы барлық қойылымдар мен концерттерге ғана емес, аудандық мәдениет үйіне де сахналық киім тігіп келеді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде ауыл тұрмысы мен қазақы өнерді насихаттап жүрген СҚО тұрғыны жайында жазған едік.

Соңғы жаңалықтар