Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Миллиардтар бөлінген СҚО жолдары неге қайта-қайта жөндеуді қажет етеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында кейінгі жылдары жолдарды жөндеуге миллиардтаған теңге бөлініп жатыр. Асфальт төселіп, ауыл тұрғындары ондаған жыл күткен сапалы қатынасқа қол жеткізгенімен, кей жағдайда қуаныш ұзаққа созылмайды. Сол жолмен ауыр жүк көліктері ағылып, арада көп уақыт өтпей жаңа жабын ойылып, сөгіле бастайды. Мәселенің себе неде? Жол сапасыз жөнделе ме, әлде бақылаудың жеткіліксіздігінен оны пайдаланған ауыр техника салмақ-габариттік талаптарды сақтамай ма?

жол, құрылыс
Фото: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі

Азаматтық белсенді Ернұр Нұрғали әлеуметтік желідегі жазбасында СҚО-дағы бірқатар жолдың жағдайын көтерді. 

Оның айтуынша, Лавровка — Қарақамыс және Саумалкөл — Светлый бағыттарында ауыр техниканың қозғалысы жаңадан салынған жол жабынының тез бұзылуына әсер етіп отыр.

— Жергілікті тұрғындармен сөйлескенімде, олар жолдың бұзылуына фермерлердің ауыр техникасы басты себеп екенін айтады. Ол — 70 тонналық тонаждар мен 40 тонналық қытай көліктері. Бұл жердегі парадокс — кәсіпкерлердің өзі ауыл-ауданда тұрмайды. Шаруаны сырттан отырып басқарады, жергілікті тұрғындарды жұмысқа жалдайды, бірақ өзінің шамадан тыс жүк тиелген фуралары таптап жатқан инфрақұрылымның сақталуына бас қатырмайды, — дейді Ернұр Нұрғали.

Белсендінің айтуынша, Лавровка — Қарақамыс жолы 30 жылға жуық уақыт жөндеу көрмеген. 2023 жылы оны қалпына келтіруге 600 млн теңге бөлінгенімен, қазір жөнделген жол қайта шұрқ-тесілген. Ал мердігердің 3 жылдық кепілдік мерзімі аяқталған.

жол, құрылыс
Фото: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі

Сондай-ақ Саумалкөл — Светлый бағытындағы жолды жөндеуге 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жөндеу жұмыстары аяғына дейін жеткізілмей, Дәуқара ауылында тоқтап қалған. Ал төселген жол қазірдің өзінде ауыр салмақтан қатты тозып жатыр.

— Мен тұрғындардың атынан мемлекеттік органдарға осы мәселемен жүгінгенімде, олардың жауабы мені қатты таңғалдырды. Ресми құжаттардан бақылаушы органның өзіне жүктелген функцияларды орындауға мүлдем қауқарсыз екенін көруге болады, яғни бүкіл Солтүстік Қазақстан облысына бары-жоғы екі жылжымалы көліктік бақылау бекеті (ЖКББ) бөлінген. Сондай-ақ ведомство кем дегенде 10 инспектордың жетіспейтінін ресми түрде мойындайды. Демек инспекция барлық учаскеде бақылау жүргізе алмай отыр. Олардың жұмысы тек ереже бұзылғаннан кейін айыппұл салу емес, мемлекеттік мүлікке келтірілетін зиянның алдын алуға бағытталуға тиіс, — дейді Ернұр Нұрғали.

жол, құрылыс
Фото: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі

Жолға құйылған миллиардтар

СҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, былтыр облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен көше-жол желісіне 30,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық жолдарға — 15,6 млрд теңге жұмсалған. Биыл бұл мақсатқа 21,9 млрд теңге көзделген. Оның 14,4 млрд теңгесі облыстық маңызы бар жолдарға, 7,5 млрд теңгесі аудандық және көше-жол желісіне бағытталмақ.

— Аудандық маңызы бар КТАІ-65 «Саумалкөл — Сырымбет — Қарақамыс — Светлое» автомобиль жолын орташа жөндеуге 2022 жылы облыстық бюджеттен 3,029 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Өткізілген конкурстық рәсімдердің қорытындысы бойынша «Петропавл Жолдары» ЖШС мердігер ұйым болып айқындалды. 2022-2025 жылдар аралығында автомобиль жолының 46,6 шақырымы жөнделді. Жөнделген учаскелер мердігер ұйымның кепілдігінде. Қалған 23,2 шақырым жолды жөндеуді аяқтау үшін 2,031 млрд теңге сомасына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды, — дейді басқарма басшысының орынбасары Самат Ақжігітов.

Жолдың жауы кім?

Көліктік бақылаудың басты міндеттерінің бірі — жүк көліктерінің белгіленген салмақтық және габариттік талаптарды сақтауын қамтамасыз ету.

Бақылаудың қаншалықты маңызды екені биыл шілде айының соңында Петропавлға кіреберіс жолда болған жағдайдан да көрінді. 

Үш күн ішінде бұл жерде 32 жүк көлігі жиналып, тексеру барысында бірқатар заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде 66 әкімшілік іс қозғалып, 14,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, нақты жүріп өткен жолы үшін 996,4 мың теңге алым өндірілді.

СҚО Көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, ауыр салмақты көліктердің қозғалысы жол жабынының мерзімінен бұрын тозуына тікелей әсер етеді. Әсіресе рұқсат етілген салмақтық және осьтік параметрлерден асып кеткен көліктер жолға үлкен салмақ түсіреді. Сондықтан жолдың сапасы оны салу немесе жөндеу технологиясына ғана емес, кейінгі пайдалануға да байланысты.

Облыста ауыр жүк көліктері ағыны жоғары бірнеше бағыт бар, олар: КСТ-62 «Еленовка — Арықбалық — Чистополье — Есіл» 17-209-шақырым, КСТ-59 «Қазгородок — Горьковское» 62-203 км, КТ-32 «Пресновка — Благовещенка — Қайранкөл», КТ-12 «Булаево — Советское», КТ-50 «Борки -Ташкентка — Барневка — Долматово», КТ-29 «Покровка — Корнеевка — Горное», КТ-19 «Покровка — Ильинка — Мектеп», КТ-45 «Смирново — Трудовое — Тоқушы — М-51 Челябинск — Новосибирск а/ж», КТ-40 «Кривощеково — Афанасьевка — Садовка — аудан шекарасы», КТ-4 «А-16 а/ж — Новоникольское — Андреевка — Бостандық — Новомихайловка». Бұл бағыттарда транзиттік көлікпен қатар инертті және құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы өнімдері және өзге де ірі тоннажды жүктер тасымалданады.

Инспекция не дейді?

Көліктік бақылау инспекциясы Kazinform-ге ресми жауабында да СҚО-да инспекторлар санының жеткіліксіздігі мәселесін жоққа шығармайды.

Бүгінде облыс жолдарындағы бақылауды 9 маман жүзеге асырады. Оның алтауы Мамлют ауданындағы Жаңа Жол өткізу пунктіне жақын орналасқан республикалық маңызы бар М-51 «Челябинск-Новосибирск» автомобиль жолында халықаралық тасымал талаптарының сақталуын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілікке тартылған.

— СҚО автомобиль жолдарының едәуір ұзындығын, қарқынды жүк көлігі қозғалысын және тұрақты бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, инспекторлық құрамның санын ұлғайту мәселесі өте өзекті. Инспекция бұған дейін штат санын ұлғайту жөнінде тиісті ұсыныстар жолдаған. Атап айтқанда, қосымша 10 инспекторлық лауазым бөлу мәселесі көтерілді, бұл облыстың автомобиль жолдарын бақылауды кеңейтуге мүмкіндік берер еді. Тасымалдаушылардың тәртібін арттыруға автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылауды көбейту, тұрақты рейдтік іс-шаралар өткізу, тасымалдаушылармен профилактикалық жұмыс, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл да ықпал етеді, — дейді СҚО көліктік инспекция басшысының орынбасары Нұрфазыл Кенжетаев.

Бақылау органдарының өздері де кадрлық ресурстың жеткіліксіз екенін мойындап отыр.

Қазір облыс жолдарында салмақ-габариттік бақылаудың автоматтандырылған жүйелері де жұмыс істейді.

Инспекция мәліметінше, бүгінде облыста 4 автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылған. Осы жылдың алғашқы жеті айында қондырғылардың деректері бойынша рұқсат етілген салмақты асырғаны үшін 72,3 млн теңге мөлшерінде айыппұл төлеу қажеттігі туралы 110 нұсқама жолданған.

Жалпы инспекция биыл 2 707 көлік құралын тексерген. Рұқсат етілген салмақтық параметрлерден асқаны үшін 265 әкімшілік іс қозғалып, 94,5 млн теңге айыппұл салынған. Салыстыру үшін, 2025 жылы 5456 көлік құралы тексеріліп, 257 әкімшілік іс қозғалған. Салынған айыппұлдың жалпы мөлшері 91,6 млн теңге болған, яғни ауыр жүк көліктерінің белгіленген талаптарды бұзу фактілері аз емес.

жол, құрылыс
Фото: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі

Жол тозуының алдын алудың жаңа тетіктері

Көліктік бақылау инспекциясы да ауыр салмақты көліктің жол жабынына теріс әсер ететінін мойындайды. Сондықтан проблемалық бағыттарда салмақтық-габариттік бақылауды күшейту бойынша жұмыс жалғасатынын хабарлады.

СҚО-да автоматтандырылған бақылау жүйелерінен бөлек автомобиль жолдарында төрт көліктік бақылау жылжымалы бекеті (КБЖМ) жұмыс істейді. Оның біреуі халықаралық жүк тасымалын бақылау үшін тәулік бойы М-51 жолында орналасқан.

Бұдан бөлек, инспекцияның мәліметінше, КБЖМ-ны қолдану арқылы рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Мамандар жаңадан жөнделген жолдарға қатысты арнайы жеке бақылау түрі заңнамада қарастырылмағанын атап өтті. Дегенмен рейдтерді ұйымдастыру кезінде жөнделген және реконструкцияланған учаскелердің сақталуына да назар аударылады. Көктемде жол төсемі шамадан тыс ылғалданған кезеңде ауыр салмақты көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі.

Жолдың тозуының алдын алу үшін автоматтандырылған өлшеу станцияларының (АӨС) санын арттыру жоспарланған.

— Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына тағы 4 АӨС және республикалық желіде 1 АӨС орнату жоспарланған. 2027-2028 жылдары тағы 15 АӨС орнату көзделген, оның ішінде жетеуі жергілікті, 8-і республикалық жолдарға қойылады, — дейді СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Самат Ақжігітов.

жол, құрылыс
Фото: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі

Талапқа сай емес

Салынып жатқан жолдың сапасын Жол активтері сапасының ұлттық орталығы тексереді. Мәселен былтыр мамандар жол-құрылыс маусымында жолдардың сапасына кең көлемді тексеру жүргізіп, көптеген кемшілікті анықтады.

Осы аралықта өңірде барлығы 128 жол нысаны тексеріліп, 366 рет инспекция жасалған. Нәтижесінде 1 847 сынаманың 27% стандарттарға сәйкес келмеген.

Облыстық маңызы бар жолдардан алынған сынамалардың үштен бірі сапасыз екендігі анықталды. Көбіне асфальттың құрамындағы тығыздық, беріктік және суды сіңіру көрсеткіштері талапқа сай болмаған.

Жолдың сақталуы — ортақ міндет

Ауыр жүк көлігін мүлдем жолға шығармау мүмкін емес. Өйткені ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, құрылыс материалдарын жеткізу, егін науқаны кезіндегі логистика — өңір экономикасының қалыпты жұмысының бір бөлігі.

Сондықтан мәселені тек «жол сапасыз салынды» немесе «ауыр көлік жолды бұзды» деп бір ғана себепке тіреп қою жеткіліксіз. Жолдың сапасы, құрылыс технологиясы, пайдалануға беру, кепілдік кезеңіндегі бақылау, көлік қозғалысының қарқындылығы және салмақтық талаптардың сақталуы — барлығы бір тізбектің буыны. Инспекцияның жауабы бойынша, бақылау бар, айыппұл салынып жатыр, автоматтандырылған өлшеу станциялары көбейеді, инспектор санын арттыру мәселесі көтерілген. Ендігі мәселе — осы шаралардың жолдардың нақты жағдайына қаншалықты әсер ететінінде. Өйткені жолды жөндеуге бөлінген миллиардтың тиімділігі оның қанша шақырым асфальт төселгенімен емес, сол жолдың қанша жыл қызмет ететінімен өлшенеді.

Бұған дейін елде 3,7 мың шақырым жол жаңартылып жатқанын жазған едік.