СҚО жолдарының сапасы тексерілді: сынамалардың төрттен бірі талапқа сай емес
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жол-құрылыс маусымында жолдардың сапасына кең көлемді тексеру жүргізілді. Нәтижесінде көптеген кемшілік анықталып, бірқатарын мердігерлер жоюға кірісті.
Жыл басынан бері өңірде барлығы 128 жол нысаны тексеріліп, 366 рет инспекция жасалды. Соның нәтижесінде 259 түрлі ақау мен заңбұзушылық тіркелді. Оның 135-і қазірдің өзінде түзетілді, қалғандары бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жалпы 1847 сынаманың 27% стандарттарға сәйкес келмеген.
Облыстық маңызы бар жолдардан алынған сынамалардың үштен бірі сапасыз болып шықты. Көбіне асфальттың құрамындағы тығыздық, беріктік және суды сіңіру көрсеткіштері талапқа сай болмаған.

Аудандық жолдарда жағдай бұдан да нашар: алынған сынамалардың жартысынан астамы сапасыз екені белгілі болды. Асфальттағы ойықтар мен жарықтар, тегістіктің сақталмауы, материалдардың құрамындағы сәйкессіздіктер – негізгі мәселелердің бірі.
Елді мекен көшелері бойынша 53 нысан қамтылып, тексерілген материалдардың 59% талапқа сай болмай шықты. Мұнда да асфальт сапасы, инертті материалдар және битум бойынша елеулі кемшіліктер бар.
Республикалық маңызы бар жолдарда жағдай салыстырмалы түрде жақсырақ. Мұнда алынған сынамалардың 20% ғана сапасыз деп танылды. 234 ақаудың жартысына жуығы түзетілді, қалғандары биылғы жол-құрылыс маусымы аяқталғанша ретке келтірілмек.

Жалпы биыл республикалық жолдардың 1035 км диагностика жүргізіліп, 177 км жолдың тегістігі талапқа сай емес екені, 80 км жол жабындысының ілінісу коэффициенті төмен екені белгілі болды.
Мамандардың айтуынша, мұндай тексерудің мақсаты – жолдағы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, сапасыз жұмыстың алдын алу. Жоспар бойынша биыл облыста 1481 шақырым жол диагностикадан өтеді.
Бұған дейін Қазақстанда автомобиль жолдарын бақылау үшін SRDS (Smart Roads Diagnostics System) жүйесі енгізілгенін жазған едік.