Скорингсіз ипотеканы қалай алуға болады
АСТАНА. KAZINFORM - Орташа табысы бар, ірі жинағы жоқ азаматтар үй алуға қалай ақша жинайды? Ипотека алу үдерісін қалай жеңілдетуге болады? Бұл туралы Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, клиенттің төлем қабілеттілігі скоринг жүйесі арқылы бағаланады. Бұл жүйе кредиттік тәртіпті, қарыздарды уақытында өтеу деңгейін және өзге де бірқатар көрсеткіштерді ескереді.
Сарапшының түсіндіруінше, тіпті тұрмыстық техниканы бөліп төлеу кезінде болған шағын кешіктірулердің өзі скоринг балына әсер етеді. Ал соңғы бірнеше айдағы өтелмеген берешек рейтингті айтарлықтай төмендетеді.
Оның сөзінше, банктің негізгі міндеті – клиенттің қаржылық бейнесін дұрыс анықтау. Сонымен бірге ол кіріс деңгейі мен скорингті жақсартуға байланысты белгілі бір тиімді тәсілдер бар екенін де атап өтті.
— Егер азаматтар жүйеге қатысып, 3 жылдан астам уақыт бойы тұрақты түрде жинақ жасаса және 16 бағалау көрсеткішіне жетсе, онда оларға скорингтен өтудің қажеті болмайды, – деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.
Мысалы, азаматтар құны 30 млн теңге болатын пәтер сатып алуды жоспарлады делік. Бұл жағдайда бастапқы жарна ретінде 15 млн теңге жинау қажет. Осы тұста Ләззат Ибрагимова жинақтау мерзімін алдын ала нақты жоспарлау маңызды екенін айтты. Мәселен, 48 айлық мерзімді таңдап, қажетті соманы ай сайын тең бөліп жинау арқылы мақсатқа қол жеткізуге болады.
— Егер азаматтар 36 айлық жинақтау тәртібін сақтаса, сондай-ақ тиісті сыйақы мен бағалау көрсеткішіне жетсе, онда олар пәтерді тек жұмыс орнын растайтын анықтама арқылы ала алады. Бұл жағдайда классикалық скорингтен өтудің қажеті болмайды, – деді Ләззат Ибрагимова.
Оның айтуынша, бағдарламаға негізінен 35 жасқа дейінгі жастар қатысады. Олардың қатарында қалада еңбек ететіндер, ауылдан қоныс аударғандар және алғашқы баспанасын алуды көздейтін азаматтар бар.
— Бұл – отбасын құруды жоспарлап, алғашқы пәтерін сатып алатын азаматтар. Өткен жылы осы бағдарлама аясында шамамен 18 мың қарыз берілді, – деді Ләззат Ибрагимова.
Биыл баспана алу конкурстары 30 наурызға дейін өткен. Оның қорытындысы бойынша 16 мың жеңімпаз анықталған екен. Қазіргі уақытта қатысушылар баспана іздеп, төлем қабілеттілігін бағалау рәсімінен өтіп жатыр. Банктің болжамына сәйкес, 16 мың жеңімпаздың шамамен 10 мыңы ғана несие ала алады.
Ләззат Ибрагимованың пікірінше, қазақстандықтар соңғы уақытта қаржылық есеп-қисапқа және өз мүмкіндігін дұрыс бағалауға көбірек мән бере бастаған.
Айта кетейік, жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 млн шаршы метрге жетті.