«Славян базары»: Роза Рымбаева — қазылар алқасының төрағасы

АСТАНА. KAZINFORM – Беларусь елінінің Витебск қаласында осымен XXXIII рет ұйымдастырылып отырған халықаралық өнер фестивалінде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева қазылар алқасының төрағасы ретінде үміткерлердің талантын бағаламақ.

Роза Рымбаева
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұл туралы әнші өзінің Instagram парақшасында бөлісіп, жауапкершілігі мол шаруа сеніп тапсырылғанын атап өтті.

«Славян базары»: Роза Рымбаева — қазылар алқасының төрағасы
Фото: Kazinform

«Қадірлі жерлестер! Біз Беларусь еліндеміз. «Лучеса» қонақ үйіне аялдадық. Витебск қаласында өткелі отырған «Славян базары» атты ауқымды фестивальге кеп қалдық. Биыл мен қазылар алқасының төрағасымын. Бұл – өте маңызды әрі жауапкершілігі жоғары жұмыс», - деді Роза Рымбаева.

Айта кетейік, Роза Рымбаева қазылар алқасының тұрақты мүшелерінің бірі. 2018 жылы Беларусь президенті Александр Лукашенко фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде Роза Рымбаеваға «Өнер арқылы - бейбітшілік пен өзара түсіністікке» арнайы марапатын табыс еткен болатын. Сондай-ақ, Витебск қаласындағы «Жұлдыздар алаңында» қазақстандық әншінің жұлдызы орнатылған еді.

Биыл Лукашенко «Славян базарының» ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде ШЫҰ елдері ұжымдарының қатысуын ерекше атап өтті. Бұл жолы 42 елдің өнерпазы жүлдеге таласатынын атап өткен жөн.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Сағын Өмірбайұлы «Славян базарының» балалар байқауында екінші орын алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар