Слекишина ҚАЖ-ға бағынбайтын басқа жерге ауыстыру туралы ұсыныстан бас тартты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында жәбірленуші Наталья Слекишинаның құқығы бұзылғандығы туралы әртүрлі пікірлер айтылуда.
Осы орайда, арызданушының жеке қауіпсіздігін сақтау және оған қысым жасалмауы үшін прокуратура тарапынан тексерулер жүргізілді.
ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Слекишина мен оның адвокаты Айман Омарованы Алматы қаласының прокуроры Берік Асылов қабылдап, мәселенің мән-жайын білді. «Оған дейін де қала прокурорының бірінші орынбасары Берік Жүйріктаев жәбірленуші отырған камераға өзі барып, жеке сөйлескен болатын. Слекишина сотта қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша барлық наразылықтарын прокурорларға жеткізді. Бірақ, сот процесі жабық болғандықтан қылмыстық істің мән-жайы жария етілуге жатпайды», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар Слекишина қолдағы баласынан бөлек, бостандықта кәмелетке толмаған 2 баласы барын, солардың жағдайына уайымдайтынын айтқан. Қалалық прокуратура қажетті көмегін көрсетіп, жеткіншектерді өз қамқорлығына алатын болды.
Айта кетейік, бұл кездесулерге қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері қатысқан жоқ.
Қалалық прокуратура қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету үшін Слекишинаға қылмыстық-атқару жүйесіне бағынбайтын басқа жерге көшуді ұсынды. Бірақ, Слекишина бірқатар себептерге, соның ішінде ол жерлерде баласына күтім жасауға жағдайлардың болмауына байланысты бұл ұсыныстан бас тартты.
Қазіргі күні Слекишина отырған тергеу изоляторын прокуратура қызметкерлері күніне 3 рет барып тексереді. Екіншіден, ғимараттағы бейнекамералар қатаң бақылауға алынды. Үшіншіден, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері тәулігіне 24 сағат бойы күзетке қойылды.
Төртіншіден, қысым көрсету фактілеріне байланысты Слекишина мен оның адвокаты жазған арыздар тіркеуге алынып, қылмыстық тергеу басталды.
Тергеу барысы Алматы қаласы прокурорының қадағалауында.
Прокуратура өкілдері мемлекеттік айыптаушы ретінде сот отырысына қатысып, жәбірленушінің құқығының бұзылуына жол берілмеуін қамтамасыз етеді.