Словакия Премьер-министрі наубайханада түнгі ауысым курьері болып жұмыс істеді
АСТАНА. KAZINFORM – Словакия Республикасының премьер-министрі Роберт Фицо 1 мамыр күні түнгі ауысымда наубайханада курьер болып жұмыс істеді. Бұл туралы словакиялық Plus jeden den газеті хабарлады.
Премьер-министр 1 мамырға қараған түні «Банов» наубайханасынан өнім тасымалдаумен айналысты. Ол пайдалы іске үлес қосқанына қуанышты екенін айтып, нан өнімдерін Тренчин өңірі аумағында жеткізгенін атап өтті.
– Егер бәрін таратып үлгерсек, менімен бірге жүретін жүргізушіге сәл жеңілірек болады, – деді Роберт Фицо ауысым басталар алдында.
Оның айтуынша, мұндай еңбек – түнде немесе мереке күндері жұмыс істейтін адамдарға құрмет білдірудің бір тәсілі. Премьер-министрдің жұмысы таң атқанша жалғасқан.
Сонымен қатар премьер-министр елдегі жұмыссыздық деңгейі Словакия тарихындағы ең төменгі көрсеткішке жеткенін айтты. Дегенмен республикада түнгі және артық жұмыс істеу кең таралғанын атап өтті.
Оның мәліметінше, жұмыс күшінің шамамен 11%-ы түнгі уақытта еңбек етеді, бұл көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Ол социал-демократиялық партия түнгі ауысымдағы еңбекке лайықты ақы төлеуді қолдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Польшада 5 жылда жұмыссыздық деңгейі артып кеткенін жаздық.