Словакияда бұрынғы премьерлердің жеңілдіктеріне қатысты референдум өтпей қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Словакияда бұрынғы премьер-министрлерге өмір бойы төленетін зейнетақыны алып тастау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылымдарды қайта құру мәселелері бойынша өткен референдум сайлаушылардың төмен қатысуына байланысты өтпеді, деп хабарлайды DW.
Елдің Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 2026 жылғы 5 шілдеде өткен дауыс беруге сайлаушылардың небәрі 16,13 пайызы, яғни шамамен 705 мың адам ғана қатысты. Ал заң бойынша референдумның жарамды деп танылуы үшін сайлаушылардың 50 пайыздан астамы дауыс беруі қажет.
Соған қарамастан дауыс бергендердің басым бөлігі екі бастаманы да қолдады. Бұрынғы премьер-министрлер мен жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге өмір бойы төленетін төлемді алып тастауды қатысушылардың 93,43 пайызы қолдаса, Арнайы прокуратура басқармасы мен Ұлттық қылмыстық агенттікті қайта құруды 92,23 пайызы жақтады.
Референдумды парламентте өкілдігі жоқ «Демократтар» партиясы бастамашылық етті. Бұған 2024 жылы қабылданған түзетулер себеп болды. Аталған өзгерістерге сәйкес, екі немесе одан да көп мерзім премьер-министр не парламент спикері болған тұлғаларға ай сайын 4 мың еуродан астам өмір бойғы төлем қарастырылған. Бұл талапқа қазіргі премьер-министр Роберт Фицо де сәйкес келеді.
Дауыс берудің екінші мәселесі Роберт Фицо үкіметі кезінде таратылған Арнайы прокуратура басқармасы мен Ұлттық қылмыстық агенттікті қайта қалпына келтіруге қатысты болды. Бұл құрылымдардың жабылуы елде жаппай наразылықтарға және оппозицияның қатаң сынына себеп болған еді.
Еске салайық, Роберт Фицо 2023 жылы қайтадан Словакия премьер-министрі қызметіне кіріскен болатын.
Айта кетелік Словакияда тарихындағы оныншы референдум өтіп жатқаны туралы жазған едік.