Словения қазақстандық кәсіпкерлер үшін өз нарығын ашады

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Словения қазақстандық кәсіпкерлер үшін өз нарығын ашады.

Словения қазақстандық кәсіпкерлер үшін өз нарығын ашады

Бұл туралы бүгін елордада өткен қазақстандық-словениялық бизнес форумда Словения Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрлі Карл Эрьявец мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Словенияның бірқатар ірі компаниялары Қазақстан нарығына келіп, жергілікті іскерлік әріптестерімен мығым байланыс орнатқан. Сонымен қатар меншікті не болмаса бірлескен компания құру үдерісі де қарқынды жүргізілуде.

«Біз Қазақстандық компаниялармен экономикалық өзара байланысты дамытуға ұмтыламыз. Бұл ретте үшінші елдің нарығына бірлесіп шығу үшін жол іздеп, байланыс орнатқысы келетін шағын және орта компанияларға баса назар аударамыз. Жайлы іскерлік орта қалыптастыра отырып, тікелей және шетелдік инвестициялар көлемін де ұлғайтқымыз келеді», - деді ол.

Айта кетейік, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы ұсынған ақпараттарға қарағанда, екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 117,4 млн. АҚШ долларын құраған әрі 2011 жылмен салыстырғанда 43,5 пайыз өсті.