Словения Қазақстанның ДСҰ-мен келіссөздерінде алға жылжуын қолдайды
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Словения үкіметаралық комиссиясының ІІ отырысы болып өтті. Жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мен Словения Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Карл Эрьявец төрағалық етті.
Жиын барысында тараптар фармацевтика, медициналық құрал-жабдықтар және өзге де салалар екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің перспектикалық бағыттары екенін атап көрсетті.
ҚР Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова өз баяндамасында өткізіліп отырған іс-шара іскерлік ортаға қатысты өзара ақпарат алмасуға жаңа серпін беретінін, инвестициялар, қызметтер көрсету сияқты екі жақты ынтымақтастыққа шолу жасауға жол ашатынын айтты. Оның ішінде екі елдің мемлекеттік органдары тарапынан фармация саласына ерекше көңіл бөлінетін болады.
Словения делегациясының өкілдері Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымымен келіссөздерінде алға жылжуын қолдайтынын атап өтті. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі, Ресей, Беларусь және Қазақстанның Кедендік одақ аясында ДСҰ қағидаларын нығайтуға және Қазақстан үшін іскерлік ортаның ашықтығын арттыруға ықпал етеді.
Тараптар профилактика және денсаулықты насихаттау, оқу сапарлары түрінде денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекеттік саясат саласында тәжірибе алмасуға, денсаулық сақтау мекемелері мен ұйымдары арасында, медициналық қызметтерді қоса алғанда, тікелей байланыстарды ынталандыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытты.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан-Словения үкіметаралық комиссиясының ІІІ отырысын 2014 жылы Словенияда өткізуге келісті.