СІМ Ресеймен қақтығыс аймағындағы қазақстандықтарды елге қайтару бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қақтығыс жүріп жатқан аймақта жүрген қазақстандықтарды елге қайтару мәселесі бойынша жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

МИД РК, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Министрліктің жедел желісіне азаматтардан өтініштер әлі де түсіп жатыр. Олардың әрқайсысы бойынша ақпарат тексеріледі.

— Тексеру аяқталғаннан кейін жасақталған тізім Ресей тарапына жолданады, — деп хабарлады ҚР СІМ.

Ведомство әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялаған Қазақстан азаматтарына қатысты қажетті шаралар қабылданып жатқанын да атап өтті.

— Оларды елге қайтару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, — делінген министрлік хабарламасында.

ҚР СІМ бұл мәселе бойынша Ресей тарапымен түрлі деңгейде тұрақты байланыс орнатып отыр.

Бұған дейін СІМ қақтығыс аймағында жүрген қазақстандықтар туралы мәліметті олардың туыстарынан хабарлауды сұраған болатын. Өтініштерді қабылдау үшін министрлікте арнайы жедел желі жұмыс істейді.