Сочидегі форум аясында БҚО мен Ресейдің көршілес аймақтары арасында келісімге қол қойылды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сочидегі Қазақстан мен Ресейдің ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумына Батыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысып, көршілес аймақтармен өзара тиімді қарым-қатынасты нығайту бағытында келіссөздер жүргізді.

Сочидегі форум аясында БҚО мен Ресейдің көршілес аймақтары арасында келісімге қол қойылды (ФОТО)

Агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылаған форум аясында ашылған арнайы көрмеге Қазақстаннан 60 кәсіпорын өз өнімдерін қойса, соның бесеуі («Кублей», «Мартин», «Агропродукт ЛТД», «Белес Агро» және «Батыс Марқа Ламб») Батыс Қазақстан облысынан барды.

Форум барысында БҚО мен Ресейдің Волгоград облысы арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. «Бұл келісім екіжақты байланысты нығайтып, кәсіпорындар мен ұйымдар арасындағы ынтымақтастық көкжиегін кеңейтеді. Батыс Қазақстанның көптеген кәсіпорындары ресейлік әріптестерімен, сондай-ақ Кеден одағы елдерімен тығыз байланыс жасап, өнім көлемін көбейте түсуде. Біздің жұмысымыз осы форумға қатысумен шектелмейді. Биыл Батыс Қазақстанның өкілдері экономикалық даму, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының өзекті мәселелері бойынша Орынбор, Пенза, Ростов облыстарында болуды көздеп отыр», деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ БҚО әкімдігі, Саратов облысы үкіметі және «Букет» компаниялар тобы арасында иррагациялық жүйелер мен суармалы егіншілікті дамыту бағытында меморандумға қол қойылды. Бұл жоба тиімді суармалы жер жүйесін бірлесіп құруды көздейді. Еділ өзенінің суын Саратов облысы және Қазақстанға жіберумен айналысатын Саратов суландыру арнасы негізінде иррагациялық жүйелер қайта құрылып, салынбақ. Суармалы жер көлемін 250 мың гектарға жеткізу жоспарланса, соның 50 мыңы Батыс Қазақстан, 200 мыңы Саратов облысында орналасқан. Бұл жерлер түрлі дақылдарды өсіруге және мал жайылымы ретінде пайдаланылатын болады.

Жиын кезінде Нұрлан Ноғаев Волгоград пен Саратов облыстарының губернаторлары Андрей Бочаров және Валерий Радаевпен ауыл шаруашылығы саласында тығыз байланыс орнатуға келісті. Мысалы, Волгоград облысының оңтүстік аудандарында мақтаның жаңа сортын өсіру қолға алынған екен. Бұл мәселеге БҚО әкімі қызығушылығын білдіріп, мұны Батыс Қазақстанда егіп көруге болатынын жеткізді. Сонымен қатар Нұрлан Асқарұлы саратовтық инвесторларды да бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан шекарадағы ұзындығы 1,5 мың шақырымға созылып жатқан Ресейдің Астрахан, Волгоград, Орынбор, Саратов, Самара облыстарымен шектеседі. Сондықтан шекаралас ынтымақтастықтың маңызы зор. БҚО-ның сыртқы тауар айналымының 89 пайызы Ресейдің үлесіне тиеді.