Сочидегі Қазақстан құрамасының қауіпсіздігі мәселесін Спорт агенттігі мен ҰҚК талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сочи Олимпиадасы барысында қазақстандық спортшылардың қауіпсіздігі күшейтіледі. Бұл туралы бүгiн Астанада қазақстандық делегацияның шеф-де-миссоны - ҚР Спорт және дене шынықтыру iстерi агенттiгi төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов мәлiм еттi.

Сочидегі Қазақстан құрамасының қауіпсіздігі мәселесін Спорт агенттігі мен ҰҚК талқылады

Оның айтуынша, Олимпиада ойындарына қатысушы спортшының қауіпсіздігін ең бірінші кезекте ресейлік тарап пен Халықаралық олимпиада комитеті бірге қамтамасыз етеді.

«Сіздер білесіздер, бұл үдерісті қадағалау шаралары күшейтілген, қауіпсіздік шараларына қойылатын талаптар да қатаңдатылған. Өз кезегінде біз Сочиде Қазақстан құрамасының қауіпсіздігі мәселелерін ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті талқыладық. Біздің тарапымыздан әрбір спортшыны бақылау күшейтіледі. Бұл шаралар Сочи Олимпиадасының ұйымдастыру комитетімен бірлесіп жасалады», - деді ол.

Айта кетейік, соңғы кездері БАҚ беттерінде Сочи Олимпиадасы барысында лаңкестік терактілер орын алуы ықтимал деген алыпқашпа әңгімелер көбейген. Еуропада бірқатар мемлекеттердің олимпиада комитеттеріне лаңкестік терактілер жасалатыны жөнінде қоқан-лоққыға толы хаттар келіп түскен.