Солтүстік Қазақстан облысында алтын кені игеріле бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында «Әулие» кен орнының алтынын өндіретін фабрика өз жұмысын бастады. Бүгін «Қазақстанды жаңаша индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың қорытындылары» атты жалпыұлттық телекөпір шарасы барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған нысанның іске қосылуына рұқсат берді.
«Бүгін «Әулие» кен орнында құрамында алтын бар кенді өндіріп, өңдейтін тау-кен байыту кешенін іске қосамыз. Осында, ауылдық жерде 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жер қойнауы туралы заңнамасы жетілдіріліп, өңдеу мен геологиялық барлауға инвестиция ағылуына барлық жағдай жасап отырған Қазақстандағы бірінші жобамыз емес. Жобаны іске қосу Солтүстік Қазақстан облысында түсті металлургияның дамуына жол ашады. Өнеркәсіптік өндірісті бастауға рұқсат беруіңізді сұраймын», - деді ресейлік инвестор, «ӘулиеГолдМайнинг» ЖШС-нің директоры Павел Джулай.
Өз кезегінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған кешеннің жұмысын бастауға рұқсат берді.