Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Анна Данилина
Фото: ҚТФ

 

Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге үшінші айналымда «Үлкен дулыға» додасының 5-ракеткалары, америкалық Айша Мухаммад – нидерландылық Деми Схурспен кездесті.

Матчты қазақстандық-сербиялық дуэт қос брейкпен сәтті бастады – 3:0. Бұдан кейін Мухаммад – Схурс қайыра брейк жасағанымен, Данилина – Крунич дегеніне жетті – 6:4. Екінші сетте Анна мен Александра қарқынын тіпті үдетті - 6:0.

Бір сағат 13 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Крунич 14 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Мухаммад – Схурс 1 эйс, 1 брейктен аса алмады. 

Анна Данилина – Александра Крунич жартылай финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, чехиялық Катержина Синякова – америкалық Тэйлор Таунсендпен таласады. 

Чехиялық-америкалық жұп үшінші айналымда 2 сағат 43 минутқа созылған тартысты матчта мажарстандық Тимя Бабош – бразилиялық Луиза Стефаниды жолдан тайдырды – 6:7 (6:8), 6:3, 6:4. 

Осылайша, Франция ашық чемпионатында Қазақстаннан Александр Бублик пен Анна Данилина жарысты жалғастырып жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ролан Гарростың төрт дүркін чемпионына жол бергенін жазған болатынбыз.

Ролан Гаррос турнирінде Александр Бублик әлемнің 5-ракеткасын еліне қайтарды. 

Соңғы жаңалықтар