Елена Рыбакина Ролан Гарростың төрт дүркін чемпионына жол берді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шыға алмады.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 5-ракеткасы, Ролан Гарроста төрт мәрте үздік шыққан Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар 8 рет кездесіп, соның 4-еуінде Швентек жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бастапқыда екі брейк жасап, Рыбакина матчты тамаша бастады – 6:1.
Екінші сетте де 2:0 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылықты сақтап қала алмады – 3:6.
Үшінші, шешуші партияда есеп 3:3 болған мезетте Швентек брейк жасағанымен, Рыбакина сол бойда таразы басын теңестірді. Есеп 5:5 болғанда, қазақстандық теннисші мүлт кетті – 5:6.
Швентек матчқа доп бергенде, есесін жібермеді – 7:5.
Екі сағат 30 минутқа созылған тартысты ойында Рыбакина 3 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Швентек 2 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
И.Швентек жартылай финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен таласады. Ол төртінші кездесуінде сенсация жасап, Франция ашық чемпионатының өткен жылғы финалисі, әлемнің 4-ракеткасы, италиялық Жасмин Паолиниді камбэкпен жеңді – 4:6, 7:6 (8:6), 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде Бубликтің тұңғыш рет төртінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.