Солтүстік Қазақстанда рекордтық 6,5 млн тонна астық жиналды — әкім есебі
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл республика бойынша астықтың төрттен бір бөлігі Солтүстік Қазақстан облысында жиналды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 878,3 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов есептік брифингінде хабарлады.
Ел Президенті жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсімін кемінде 6,5 пайызға дейін қамтамасыз етуді тапсырған еді. Биылғы 10 айда Солтүстік Қазақстан облысының қысқа мерзімді экономикалық индикаторының өсімі 13% құрады.
— Негізгі салалар оң динамика көрсетті. Ауыл шаруашылығында 9,3%, өнеркәсіпте - 19,1%, құрылста - 30,1%, тұрғын үйді пайдалануға беруде - 3,9%, инвестицияларда - 7,3% өсу бар, — деді Ғ. Нұрмұхамбетов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, СҚО үшін ауыл шаруашылығы — экономиканың негізгі саласы саналады. Агроөнеркәсіптік кешен жалпы өңірлік өнімнің төрттен бір бөлігін құрайды.
— Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 878,3 млрд теңгеге жетті. Бұл өңірге ел көшбасшыларының үштігіне кіруге және азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді. Бізде қазақстандық астықтың ¼ бөлігі, майлы дақылдар мен сүттің 1/10 бөлігі өндіріледі. Өсімдік шаруашылығында жоғары нәтижелерге қол жеткізілді: 4,3 млн гектар алқап жиналып, майлы дақылдар алқабы 1 млн гектарға дейін өсті. Бұл елдегі ең жақсы көрсеткіш, — деді облыс әкімі.
Биыл облыс бойынша орташа астық түсімі гектарына 21,4 центнерді құрады, ал жалпы өнімділік рекордтық 6,5 млн тоннаға жетті.
Кейбір шаруашылықтар гектарынан 40-50 центнерден жоғары өнім алды. Майлы дақылдар бойынша тарихи максимум — 1,2 млн тоннаға қол жеткізілді.
Осыған дейін Солтүстік Қазақстан облысында жанармай қоры екі айлық нормадан асатыны туралы жаздық.