Солтүстік Қазақстан облысында жанармай қоры екі айлық нормадан асады

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы жанармаймен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта өңірдің бензин қоры екі айдан астам мерзімге жеткілікті, ал сұйытылған мұнай газы бойынша қосымша көлем бөлінді.

АЗС бензин заправка жанармай бекеті
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Бұл деректі Энергетика министрлігінің ресми өкілі - министрдің кеңесшісі Әсел Серікпаева таратты. Ол бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «СҚО-да бензин тапшылығы байқалуда» деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

- Энергетика министрлігі өңірдің жанармаймен толық қамтылғандығын хабарлайды: АИ-92 маркалы бензин қоры 24,95 мың тоннаны құрайды, бұл 67 күндік қажеттілікті қамтамасыз етеді.

Энергетика министрлігі тарапынан өңірдің мұнай базаларына келісімшарт бойынша жоспарланған барлық көлем толық жеткізілді. Ал мұнай базаларынан автожанармай құю станцияларына дейінгі уақытылы тасымалдауды ұйымдастыру және АЖҚС-тардағы бензиннің бар-жоғына бақылау жүргізу Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы жедел штабтың құзыретінде, - деп түсіндірді Серікпаева.

Оның сөзінше, сұйытылған мұнай газы бойынша жеткізу кестесіндегі уақытша өзгерістер Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты болды. Нарықты тұрақтандыру мақсатында Энергетика министрлігі қосымша 500 тонна өнім бөлді.

- Қараша және желтоқсан айларына арналған жеткізу жоспары маусымдық сұраныстың артуын ескере отырып қалыптастырылған. Аталған кезеңде өңірдің қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі: қараша айында — 4 800 тонна, желтоқсан айында — 5 200 тонна ресурс жеткізіледі, - деді министрдің кеңесшісі.

Айта кетейік, бұған дейін СҚО-да сұйытылған газ талонмен сатылып жатқаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар