Солтүстік өңірлерге қоныс аудару: биыл қандай мемлекеттік қолдау көрсетіледі
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Басқа өңірге көшіп барған азаматтарға ауқымды қаржылық және әлеуметтік қолдау қарастырылған. Атап айтқанда, әр адамға 300 мың теңгеден астам біржолғы көмек төленіп, ай сайынғы тұрғын үй жалдау шығындары өтеледі. Сонымен қатар, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіліп, 7 млн теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға сертификат ұсынылады.
Көшуге ниет болса, кәсіп табылады
Қоныс аудару бағдарламасы еңбек ресурстарын өңірлер арасында тиімді бөлуге бағытталған. Оңтүстік облыстарда жұмыс күші артық болса, солтүстік және өзге де өңірлерде кадр тапшылығы байқалады. Мемлекет көшу шығындарын азайтып, азаматтардың жаңа жерде тұрақты жұмыс табуына жағдай жасайды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, бағдарлама қатысушыларына кешенді қолдау көрсетіледі. Бұл көшу процесін жеңілдетіп, жаңа ортаға бейімделуді жеделдетеді.
– Бағдарлама бірнеше бағыттағы көмекті қамтиды. Ең алдымен, көшуге байланысты негізгі шығындарды жабатын біржолғы төлем қарастырылған, – деді ведомство өкілдері.
Біржолғы төлем әр отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде қарастырылған. 2026 жылы оның көлемі бір адамға – 302 750 теңге.

Ауылда да, қалада да қолдау бар
Қатысушыларға тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтер шығыны да өтеледі. Бұл төлемдер бір жыл бойы ай сайын растайтын құжаттар негізінде беріледі.
– Төлем көлемі отбасы құрамына және тұратын жеріне байланысты өзгереді. Қалаларда сомасы жоғарырақ, ал ауылдық жерлерде сәл төменірек болады, – деп түсіндірді мамандар.
Қалаға қоныс аударғандар үшін:
- 1 адамға – 20 АЕК (86 500 теңге);
- 2-4 адамнан тұратын отбасыға – 25 АЕК (108 125 теңге);
- 5 және одан көп адамға – 30 АЕК (129 750 теңге).
Ауылдық жерлер үшін:
- 1 адамға – 15 АЕК (64 875 теңге);
- 2-4 адамға – 18 АЕК (77 850 теңге);
- 5 және одан көп адамға – 21 АЕК (90 825 теңге).

Шымкентте жұмыссыздардың саны өскен
Бағдарлама тек қаржылай көмектен тұрмайды. Қатысушыларға жұмыс орындары ұсынылып, қажет болған жағдайда кәсіби оқытуға жіберіледі. Сондай-ақ шағын несие беру арқылы жеке кәсіп бастауға мүмкіндік қарастырылған.
– Негізгі мақсат – азаматты көшіру ғана емес, оның тұрақты табыс табуына жағдай жасау. Біз қатысушыларға жұмысқа орналасуына және тұрақты табыс көзін қалыптастыруға көмектесеміз, – деді мамандар.
Бұдан бөлек, қоныс аударушылар мен қандастарға тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі.
– Сертификат тұрғын үй құнының 50 пайызына дейін қамтиды, бірақ 1625 АЕК-тен аспайды. Бұл шамамен 7 028 125 теңге, – деп нақтылады ведомство.

Статистикаға сәйкес, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Шымкентте 17 293 жұмыссыз тіркелген. Бұл жұмыс күшінің – 3,6 пайызы. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 13 888 адам немесе 2,9 пайыз болған.
Қалада басты назар қайта даярлау мен жедел жұмысқа орналастыруға бөлінген. Жұмыссыздар қысқа мерзімді курстардан өтіп, шәкіртақы немесе жалақы алады. Оқыту нарықта сұранысқа ие тігінші, есепші-кассир, аспаз, кондитер, шаштараз-стилист, компьютер операторы, офис-менеджер, дизайнер мамандықтары бойынша жүргізіледі.
Айта кетейік, 2025 жылы Шымкенттен 700-ге жуық адам еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударған. Олардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдаған.