Соңғы бес жылда ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлер саны шамамен тоғыз есе артты
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін ерекше білім беру қажеттілігі бар 800-ге жуық талапкер өтініш берген. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен шамамен тоғыз есе көп. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Оның айтуынша, 2021 жылы ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлердің саны небәрі 90 болған.
— Ғылым және жоғары білім министрлігі барлық талапкердің жоғары білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Биыл көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған талапкерлерге тестілеу кезінде қосымша 40 минут уақыт берілді. Сондай-ақ олар үшін ҰБТ тапсыруға қажетті арнайы жағдайлар жасалды, — деді комитет төрағасы.
Гүлзат Жарасованың мәліметінше, биыл да ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша 120 тапсырма орындады. Ең жоғары балл — 140. Тестілеуге 4 сағат (240 минут) уақыт берілді.
Еске салайық, биыл негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, екі мүмкіндігін қоса есептегенде тест 422 мың рет тапсырылды.