Соңғы 3 жылда агроөнеркәсіп саласын қолдауға 5,3 млрд. теңге қаржы бөлінді - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша, соңғы 3 жылда аймақта агроөнеркәсіп саласын қолдауға 5,3 млрд. теңге қаржы бөлінген.
2010 жылы ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 17,8 пайызға артып, 2,3 млрд.теңге құраған. Нәтижесінде өткен жылы 109,2 тонна суперэлита, 943,8 тонна элита, 27,6 тонна бірігей, 3847 тонна 1 репродукциялы тұқым бағасы арзандатылды, 91,3 мың га. егіс үшін 436 шаруашылыққа көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауарлық-материалдық құндылықтар субсидияланды. Сол сияқты 169 шаруашылыққа 46,9 мың тонна тыңайтқыш арзан бағамен босатылып, ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға жұмсалған 2400 мың текше метр аяқ суды жеткізу құны жеңілдетілді. Облыста 18 шаруашылыққа 48,5 га. жеміс және 3,5 га. жүзім дақылдарын өсіруге кеткен шығындары субсидияланды.
Сондай-ақ, 13 шаруашылыққа сатып алған 3428 бас асыл тұқымды қой, 80 бас жылқы, 25 бас түйе бағасы арзандатылып, 35 шаруашылыққа асыл тұқымды мал басын толықтыратын төл өсіруге жұмсалған шығындары ішінара өтелді.