Соня Жиенбаева Испаниядағы турнирде чемпион атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының мүшесі, әлемнің 738-ракеткасы Соня Жиенбаева Оренсе (Испания) ITF W75 турнирінің финалында ойнады.
Қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде әлемнің 442-ракеткасы, болгариялық Изабелла Шиниковамен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда С.Жиенбаева тай-брейкте табандылық танытты – 7:6 (7:2).
Екіншісінде болгариялық спортшы есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Соня 5:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:1.
Тартысты бәсеке 1 сағат 51 минутқа созылды.
Осы титулы нәтижесінде Соня Жиенбаева WTA рейтингісінде өз көрсеткішін едәуір жақсартады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астана турнирінде Дамир Жалғасбай мен Асылжан Арыстанбекованың финалға жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-аақ Соня Жиенбаева Испаниядағы жарыстың финалында өнер көрсетеді.