Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Соня Жиенбаева Испаниядағы турнирлерде екінші рет финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 450-ракеткасы, 20 жастағы Соня Жиенбаева Виго (Испания) ITF W35 турнирінің финалына жолдама алды.

Соня Жиенбаева
Фото: ҚТФ

Қазақстандық спортшы жартылай финалда әлемнің 272-ракеткасы, португалиялық Матилде Жоржемен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда тай-брейкте португалиялық теннисші сәтті ойнады — 7:6 (10:8).

Екіншісінде Соня Жиенбаева есе қайырды — 6:4. Үшінші, шешуші сетте Соня тізгінді бермеді — 6:2. Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 36 минутқа созылды.

Осылайша, Соня Жиенбаева Испаниядағы жарыстарда қатарынан екінші рет финалға өтті.
Өткен аптада қазақстандық теннисші Оренсе (Испания) ITF W75 додасында үздік шыққан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Испаниядағы турнирдің жартылай финалына өткенін жазған едік.