Соня Жиенбаева Қытайдағы турнирде жарыстың 1-ракеткасын жеңді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Соня Жиенбаева Унин (Қытай) ITF W100 турнирін сәтті бастады.

Соня Жиенбаева
Фото: ҰОК

Қазақстандық спортшы алғашқы айналымда әлемнің 189-ыншы, осы жарыстың 1-ракеткасы, қытайлық Есинь Маға тап келді.

Қарсыласының фаворит болғанына қарамастан, Соня айқын басымдылық танытты – 6:3, 6:1. Бәсеке 1 сағат 15 минутта аяқталды.

Соня Жиенбаеваның келесі қарсыласы кейін белгілі болады.

Бір апта бұрын С.Жиенбаева осы Униндегі ITF W50 додасында ширек финалға дейін жеткен болатын. Соның нәтижесінде кеше жаңартылған WTA рейтингісінде 1 037-ден 902-орынға көтерілді. 

Өткен аптада Кайсери (Түркия) ITF W15 турнирінің ширек финалына дейін жеткен тағы бір қазақстандық, 20 жастағы Асылжан Арыстанбекова да әлемдік рейтингіде 1 047-ден 953-сатыға шықты. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарростан кейін Бублик үшін Штутгарт турниріндегі жағдай қалай өрбуі мүмкін екенін жазған едік.