Сот сараптамасын жүргізу қызметі Денсаулық министрлігінен Әділет министрлігіне беріледі

Қазақстандағы құқық қорғау жүйесін жетілдірудің 2014-2020 жылдарға арналған бағдарламасында сот сараптамалық қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері қарастырылған болатын. Осыған орай, аталған заң жобасы сот-сараптама қызметін аккредиттеуді халықаралық стандарттар деңгейіне дейін жетілдіруді көздейді.
«Заң жобасына сәйкес, медициналық, наркологиялық және психиатриялық сот сараптамаларын жүргізу функцияларын Денсаулық сақтау министрлігінен Әділет министрлігіне беру көзделеді. Осылайша, сарапшылық функциялары бір мемлекеттік органда қалыптастырылатын болады. Сарапшылық функцияларын бір ведомствода орталықтандыру сот сараптамасы ұйымдары жұмысының тиімділігін түбегейлі жақсартуға, ішкі қайшылықтарды жоюға септігін тигізеді. Сот сараптамасы жүйесінің тәуелсіздігін де қамтамасыз етеді», - деді Әділет вице-министрі Бақытжан Әбдірайым.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда сот-медициналық және наркологиялық сараптамалар қызметін бір ведомстводан екіншісіне кезең-кезеңімен беру жұмыстары атқарылуда. Ендігі күні сот-психиатриялық сараптамасын беру шараларына да дайындық басталады. Бұл функцияны Әділет министрлігіне беру 2016 жылдың 1-шілдесіне қарай жүзеге асатын болады.
Бұдан бөлек, сот-сараптама қызметін аккредиттеудің халықаралық стандарттарын енгізу шаралары да пысықталады. Бұл ретте халықаралық аккредиттеуді Астана және Алматы қалаларында енгізу көзделеді.
«Жеке сот-сарапшылары институтын дамыту мәселелері де қамтылып отыр. Бұл осы саладағы бәсекелестікті күшейтеді. Жеке сот сарапшылары институтын дамытуға ерекше назар аудара отырып, арнайы жабдықтарды және күрделі зерттеулерді талап етпейтін сараптамаларды бәсекелестік ортаға беруді жоспарлаймыз. Осы қадам мемлекеттік сот сарапшыларына түсетін ауыртпашылықты азайтуға, зерттеулерді сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - дейді вице-министр.
Тағы бір жаңалық - заң жобасы аясында сот сарапшылар палатасын құру көзделеді. Палатаның мақсаты - жеке сот сарапшыларының қызметін ұйымдастыруды әдістемелік, ақпараттық қамтамасыз етуге бағытталатын болады.