Сотталғандарды беру келісімі: бес жылда 160 азамат елге қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Бес жылдан бері жасырынып жүрген қылмыскер Грузиядан экстрадицияланды
Фото: видеодан алынды

- Заңның негізгі мақсаты - сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік қайта бейімдеуге ықпал ету бағытында жазаны өзінің азаматтығы бар елінде одан әрі өтеуі үшін құқықтық негіз құру. Шетелде жүрген азаматтарды қорғау және қамқорлық жасауға кепілдік беру Ата Заңымызда нақты белгіленген. Осы басым бағытты жүзеге асыру мақсатында, 2024 жылғы желтоқсан айында аталған Келісімге қол қойылған болатын. Еліміз қазіргі таңда 25 мемлекетпен осындай халықаралық шарттар жасаған және сол шарттардың негізінде соңғы бес жыл ішінде 160 Қазақстан азаматы елге қайтарылған, - деді сенатор Нұрлан Бекназаров.

Келісім аясында тараптар адамдарды жазасын өз елінде одан әрі өтеу үшін беруге міндеттеледі және құзыретті органдардың өзара іс-әрекетінің тәртібі реттеліп, мемлекеттер арасындағы құқықтық ынтымақтастық нығаятын болады. Сонымен қатар құжатта сотталғандарды беру және беруден бас тарту негіздері де айқындалған.

Құжатқа сәйкес мынадай негізгі шарттар сақталған кезде жазасын өтеп жатқан адам берілуге жатады:

- ол Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болғанда;

- жаза тағайындауға себеп болған іс-әрекет екі жақтың да ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып сараланса және олар бойынша тараптар келісімге келген жағдайда.

Мұнымен қоса, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

Келісімге 2024 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстанның Бас Прокурорының жұмыс сапары барысында Рабат қаласында қол қойылды. Заңның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігімен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек арқылы қылмысқа қарсы күресте тиімді ынтымақтастығы үшін берік құқықтық негіз құру.

- Біріншіден, күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеуге қажетті бірлескен процессуалдық әрекеттерді жүргізудің құқықтық тетіктері жасалады. Оған тінту жүргізу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді тәркілеу, банк шоттарын ашу, сот-медициналық сараптамалар жүргізу, тергеу әрекеттеріне қатысу үшін қамаудағы адамдарды уақытша жіберу сияқты шаралар жатады. Екіншіден, Келісім өзара ынтымақтастық міндеттемесін белгілейді. Құқықтық көмек тиісті әрекет екі елде де қылмыстық құқық бұзушылық деп танылған жағдайда ғана көрсетіледі. Бұл шараларды әр Тараптың құзыретті органдары жүзеге асыратын болады, - деді сенатор Наурызбай Байқадамов.

Бұған дейін осындай келісімдер жасалған 30-дан астам мемлекетпен жасалған. Олардың ішінде Қытай, Ұлыбритания, Үндістан, Франция, АҚШ және басқа да елдер бар.

Естеңізге сала кетейік, сенаторлар «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңын мақұлдады.

 

Соңғы жаңалықтар