Сотталғандардың діни ұстанымы олар бостандыққа шыққанда назардан тыс қалады – ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі түрмеде дәстүрлі дінге қайтқандарды өзге сотталғандардың діни сауатын ашуға тарта бастаған. Бұл туралы министрлік өкілдері Kazinform сауалына жолдаған жауапта мәлім етті.

Сотталғандардың діни ұстанымы олар бостандыққа шыққанда назардан тыс қалады – ІІМ
Коллаж: Kazinform

- Радикалды көзқарастан арылту бағдарламаларында идеологиялық және психологиялық факторлар ғана емес, сонымен бірге олардың «өзара әсері» де ескерілуі қажет.

Егер бас бостандығынан айыру орындарында тәрбие, психологиялық, теологиялық жұмыстар жүргізілсе, бостандыққа шыққан кезде сотталғандардың бұл санаты жеткілікті назардан тыс қалатынын атап өту маңызды.

Түзелу жолына түскен сотталғандарды ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамына тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Экстремистік идеялардан бас тартқан сотталғандар - қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде терроризмнің алдын алуда және қарсы насихаттауда ең тиімді адамдардың бірі, - деп жазылған жауапта.

Сондай-ақ министрлік мәліметінде түрмелерге діни сараптамадан өткен әдебиет қана енгізілетіні айтылған.

- Бұл ретте, мекемедегі адамдардың өмірі мен денсаулығына қауiп төндіретін діни мақсаттағы заттарды кіргізуге жол берілмейді. Камералық және қатаң жағдайда жазаны өтеп жатқан азаматтарға діни әдебиет және діни мазмұндағы өзге материалдар мекеменің күн тәртібімен көзделген жеке уақытта ұсынылады, - деп жазылған ІІМ мәліметінде.

Бұған дейін Қазақстан түрмелеріндегі 1 мыңнан астам әйел рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар