Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сотталғандардың көбі 500 мың теңге жалақысы бар жұмыс сұрайды – пробация қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жоғары жалақы сұрағанымен олардың басым бөлігі мамандық меңгермеген, мектептен соң оқуға түспеген. Істі болғандарды еңбекке араластыру үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді, сонымен бірге арнайы курсқа жіберіп, оқытады.

Самал Шаденова
Фото: Самал Шаденованың жеке архивінен

Ақтөбе қаласы Алматы ауданы пробация қызметі бөлімінің бастығы Самал Шаденова қылмыстық жауапқа тартылып, бақылауға іліккен сотталғандарды бейімдеу жұмыстарының қалай ұйымдастырылатынын айтып берді.

- Ақтөбе қаласы Алматы ауданы бойынша пробациялық бақылауда қанша сотталушы бар?

- Жарты жылда 600-ден астам сотталған есептен өтті. Қазіргі кезде 400-ден астам сотталған бақылауда. Сот үкімі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 43, 44, 63 және 74-баптары негізінде жаза тағайындалған тұлғалар пробациялық бақылауға алынады. Яғни бұл қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түрлері: шартты жаза, бас бостандығынан шектеу, кәмелет жасқа толмаған баласы бар және жазасын кейін өтейтін сотталғандар мен қоғамдық жұмысқа тартылғандар.

- Осының ішінде баласы бар, сол үшін де жазасын кейін өтейтін сотталғандарды бақылау қалай жүргізіледі?

- Үкімде Қылмыстық кодекстің «Жүкті әйелдердің және жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелдердің, жас баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектердің жазаны өтеуін кейінгі қалдыру» бабы көрсетілсе, пробациялық бақылау жүргізіледі. Есептегі тұлға тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріледі. Бұл өз кезегінде тек пробация қызметінің ғана емес, сонымен қоса кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі инспектор, қамқоршылық және қорғаншылық қызметін жүзеге асыратын органдардың бірлесе отырып атқаратын жұмысы. Алдыңғы қатардағы мәселе - бала тәрбиесі. Сондай-ақ тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары бойынша баға беріліп, сәйкесінше заңды құжаттамалар толтырылады. Егер 5 жылға сотталса, осы аралықтың бәрінде бақылау жүреді. Қандай да бір бұзушылық болмаса, пробациялық бақылау кезінде сот жүктеген міндеттер толық орындалса, жазаны Қылмыстық кодекстің «Бас бостандығынан шектеу» бабына ауыстыру немесе босату жөнінде ұсыныс бере аламыз. Нәтижесі сот шешіміне байланысты болады.

- Тәртібі мен тұрмысы көңілден шығып, жазасы жеңілдеген сотталғандар болды ма?

- Тәжірибеде мұндай деректер де кездеседі. Мәселен жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылған сотталғанға Қылмыстық кодекстің «Бас бостандығынан шектеу» бабы қолданылды. Тағы бір сотталған әйел пробациялық бақылаудан соң жазадан босатылды. Ол бала тәрибесімен айналысып, қандай да бір заңбұзушылыққа жол бермеді. Қазір Алматы ауданы бойынша 200-ден астам сотталғанға бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылған. Ал жазасын кейін өтейтін сотталғандар саны 30-ға жуықтайды.

- Жазаның тағы бір түрі – қоғамдық жұмыс. Сотталғандар қайда еңбек етеді?

- Қоғамдық жұмысқа тартылған сотталғандар көп емес. Жыл басынан бері 20-ға жуық адам болды. Сот үкімі түскен соң жергілікті атқарушы органға хат жіберіп, жұмыспен қамтуды сұраймыз. Олар қаланы көгалдандыру, абаттандыру, тазалық жұмыстарына жауапты мердігерге бекітеді. Компания басшысы табель толтырып, сағатын есептеп береді. Үкім орындалған соң сотталған есептен шығарылады. Көп дегенде 15-20 күн жұмыс істейді. Егер жұмыс істесе 4 сағат, ал жұмыссыз болса 8 сағат жүреді.

- Биыл «Qarakesek» лақап атымен танымал әнші де пробациялық бақылауда болды. Ол қанша күн жұмыс істеді?

- Сот үкімі заңды күшіне енген соң пробация қызметіне есепке алынды. Профилактикалық сұхбат жүргізіліп, тиісті жұмыстар атқарылды. Жолдамамен жергілікті атқарушы органға жіберіліп, белгіленген жұмысты 12 күн ішінде атқарып шықты. Жаза өтеу уақыты аралығында өз тарапынан бұзушылықтар жасамады.

- Енді тұрақты жұмыс орындарына тоқталсақ... Жазасын өтеп шыққан адамдарды еңбекке араластыру қиын емес пе?

- Жыл басынан бері Ақтөбе облысы әкімдігінің қаулысымен пробациялық есептегілерге арнайы квота бөлінеді. Биыл қала бойынша барлығы 14 квота берілді. Мансап орталығының қызметкерлерімен бірігіп барлығы 30-ға жуық адам еңбекке араласты. Сонымен бірге пробациялық бақылауда тұрған сотталғандарға бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Оларды арнайы курсқа жіберіп, оқытады. Прокуратура да осы бағытта жұмыс істейді. Кейбірі өздері жұмысқа орналасады. Сотталғандар жол құрылысы, тазалық қызметі, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын атқарады. Жергілікті атқарушы органдар несиесі көп, есепшоты бұғатталған сотталғандарға тегін заңгерлік кеңес береді. Дәл осы санаттағы адамдардың тізімін жасап, екінші деңгейді банктерге өтініш те жолданды. Несиесін өтеу мерзімін кейінге шегеруді және қайта кесте жасауды ұсынып отырмыз.

- Жазасын өтеп жүргендер жергілікті атқарушы орган ұсынған жұмыс орындарына бірден келісе ме?

- Көбіне жалақы мөлшеріне қарайды. Олар 500 мың теңгеден жоғары жалақы алғысы келеді, 150 000 – 200 000 теңгені місе тұтпайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, сотталғандардың 90% орта білім ғана алған. Негізі сотталған адам бос жүрмей, жұмыс істеп, отбасын асырауы тиіс. Сонда ғана қайта қателік жасамайды.

- Қателесті, бірақ сабақ алмады. Мұндай адамдар жиі кездесе ме? Кімдер жиі қайта шалыс басады?

- Көбіне ішімдікке әуес, нашақор адамдар қайта қылмыс жасайды. Тәуелді адамдар мәжбүрлі түрде ем алады, арада біршама уақыт өткенде баяғы жолына қайта түседі.

- Пробациялық бақылауда жүрген адамдардың көбі қандай қылмыс жасаған?

- Басым бөлігі Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша сотталып, бақылауда жүр. Қалада бейнебақылау камерасы көп. Дегенмен қолы сұғанақ адам сонда да ебін тауып, шалыс басады.

- «Электронды білезік» тағып жүрген сотталғандар бар ма?

- Ақтөбе қаласы Алматы ауданы бойынша 40-қа жуық адамға тағылды.

- Енді пробациялық бақылау қызметіндегі өзгерістерге тоқталсақ...

- Пробация қызметінің материалдық-техникалық базасы жаңарды, көлік алынды. Бұрын жаяу жүріп аралап, тіпті сот процесіне қоғамдық көлікпен де жеткіздік. Мұның бәрі артта қалды. Есепке алғанда құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп қана қоймай, тәрбиелік мәні бар ақыл-кеңесімізді береміз.

- Сотталғандарды бақылау, оларды түзу жолға салу оңай жұмыс емес. Қорқыныш болды ма?

- Қызметке келген кезде қорқыныш болғаны рас. Себебі сотталғандардың арасында ішімдікке, есірткіге тәуелді адамдар бар. Тұрғылықты мекенжай бойынша тексерген кезінде түрлі оқиғалар кездеседі. Тіпті топпен жиналып, зиянды заттарды тұтынып отырады. Жылдар өтіп, тәжірибе жинадық, олардың психологиясын түсіндік. Мұндайда екі қызметкер жүреді. Сонда ғана бір-біріне серік, сенімді болады.