Сотталушының азаматтығынан айырылуы оның туған-туыстарына зардап тигізбейді
Талқылау аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Мансұрхан Махамбетовтің айтуынша, бұл заң жобасы қолданыс аясындағы 7 Кодекске және 46 Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады.
«Заң жобасында аса ауыр қылмыс жасағандарға жазаның бір түрі ретінде -оларды азаматтығынан айыру қарастырылуда. Мұндай жаза бірнеше бапта көзделген. Олардың барлығы да ауыр қылмыстарға қатысты. Яғни, мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қарсы бағытталған экстремизм, терроризм сынды ауыр қылмыстарға қолданылады. Бұл жазаны сотталушыға қолдану мәселесін сот шешеді. Сотталушыны азаматтығынан айыру немесе басқа жаза тағайындау соттың өкілеттігіне жатады», - деді депутат.
Махамбетовтің айтуынша, егер сотталушы азаматтығынан айырылатын болса онда мемлекет пен оның арасындағы саяси-құқықтық байланыс қысқарады. Демек ол Қазақстандағы құқықтық, әлеуметтік және басқа да мүмкіншіліктерінен айрылады.
«Бұл ретте айта кетерлігі, сотталушының азаматтығынан айырылуы оның туған-туыстарына, яғни балаларына, әке-шешесіне мемлекет тарабынан не болмаса істі қараған сот тарабынан зардабы болмайды», - деді Махамбетов.