S&P Қазақстанның Даму банкінің рейтингін көтерді
АСТАНА. KAZINFORM — S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін «BBB-»-тен «BBB»-ке, ал қысқа мерзімді рейтингін «A-3»-тен «A-2»-ге көтерді.
Рейтинг бойынша болжам — «Тұрақты».
Қордың Қазақстанның ұлттық шкаласы бойынша рейтингі «kzAAA» деңгейінде сақталды.
Рейтингтің көтерілуі Қазақстанның егемен кредиттік рейтингтерінің «BBB-/A-3»-тен «BBB/A-2»-ге дейін жоғарылауынан кейін болды.
— S&P «Даму» қорын «Бәйтерек» холдингі компаниялары тобының негізгі ұйымдарының бірі ретінде бағалап, Қордың шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған стратегиялық бастамаларды іске асырудағы маңызды рөлін атап өтеді, — делінген хабарламада.
Агенттіктің жаңа бағалауы «Даму» қорының серіктес банктер алдындағы сенімді кепілгер ретіндегі ұстанымын күшейтеді. Бұл өз кезегінде кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беретін 1 және 2-Кепілдік қорларын одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның кредиттік рейтингі 10 жылда алғаш рет «BBB» деңгейіне көтерілгенін хабарлаған едік.