Спорттық гимнастикадан әлем кубогында қазақстандық үш спортшы финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Хорватияның Осиек қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан әлем кубогында қазақстандық үш гимнаст финалға жолдама алды.

Ұлттық құрама көшбасшысы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Курбанов әлем кубогында ешкімге дес берер емес. Тұтқалы ат снарядында сайысында 14.566 ұпай жинаған ол көш басында келеді. Ел құрамасынан Зейнолла Ыдырысов алтыншы орынға (14.300 балл) табан тіреп, жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ ел құрамасынан еркін жаттығу бойынша Милад Карими Осиекте 13.866 балл алып, сайысты екінші орынмен аяқтады. Енді 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері ақтық сында жарыс жолына шығады.
Айта кетсек, бүгін, 11 сәуірде де іріктеу өтеді. Содан кейінгі 2 күнге финал жоспарланған.
Әлем кубогына 35 елдің спортшылары қатысып жатыр. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Халықаралық гимнастика федерациясы жарыстың беделі мен спорттық гимнастиканың әлемдегі маңызды екенін атап өтті.
Осиекте Олимпиада тоғыз жүлдегері бас қосты. Олардың қатарында израильдік Артём Долгопят, грекиялық Элефтериос Петруниас бар.
Еске салсақ, бұдан бұрын Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан әлем кубогында Дмитрий Патанин екінші орын алды.