Қапастағы азаматын босатуды сұрап барып, Кремльде босанған қазақ әйелі кім

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Тарихқа тағылым. Өткенге тағзым» атты зерттеу жұмысын жүргізіп, көптеген іргелі еңбектер жазған ғалым, профессор Нұрлан Дулатбеков Kazinform тілшісіне қарапайым қазақ әйелінің қайсарлығы туралы айтып берді. 

а
Фото: Мадияр Менисов

Тарихтың ең ауыр, әділетсіз кезеңдерінің бірі саяси қуғын-сүргін құрбандары мәселесі — ғалымның біраз жылдардан бері жүйелі шұғылданып келе жатқан тұрақты тақырыптарының бірі.

— Бұл тұрғыда бастамамызбен осыдан біршама уақыт бұрын қолға алып, күні бүгінге дейін сәтімен жалғастырып келе жатқан «Тарихтан — тағлым, өткенге — тағзым» ғылыми-ағартушылық жобаны ілтипатпен атап өткім келеді. Жоба аясында бірнеше қомақты ғылыми еңбек жарық көрді. Онда бұрынғы посткеңестік жазалау лагерлерінде жан қиған, жапа шеккен сан мыңдаған адамның тағдыр-тарихы көрініс тапты. Қаралы тізімнен тұратын, мұрағаттық нақтылы дерек-дәйектер топтастырылған қабырғалы кітаптар тұтқындардың ұлттық санаты, табиғи географиясына орай бірнеше тілге аударылып, көптеген шетелге таратылды, — дейді профессор.

Ғалым қуғын-сүргін құрбандары қатарында сан қырлы дарын иелері, небір қайраткерлер, қаламы қарымды ақын-жазушылар, мәдениет, өнер шеберлері болғанын жеткізді.

а
Фото: Мадияр Менисов

— Өзіміз зерттеген, жарыққа шығарған бірқатар белгілі тұлғаның аттарын атап өткім келеді, олар — Ә. Бөкейхан, Н. Нұрмақов, С. Сейфуллин, Б. Майлин, С. Сәдуақасов, А. Чижевский, В. Эйферт, А. Есенин-Вольпин, тағысын-тағылар, — деді ол.

Нұрлан Дулатбеков Қайсар Нұржанұлы Менисов есімді азаматтың жеке құжатымен танысу барысында туған жерінің «Москва, Кремль» деп жазылғанын көріп, қайран қалған.

— «Естімеген елде көп» деген, бірде қаладағы бір колледждің қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеп жүрген Қайсар Нұржанұлы Менисов есімді азаматтың жеке құжатымен танысу барысында туған жерінің «Москва, Кремль» деп жазылғанын байқадым. Бұл таңғажайыптың қыр-сырын сұрап білсек, оқиға былай болған екен. Жалпы, 30-жылдардың аяқ шенінде қарқынды жүрген қудалау екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де жалғасын тапқаны белгілі. Біздің кейіпкеріміз Қайсар ағаның әкесі Нұржан 1910 жылы Қарқаралы уезіне қарасты Ақшатау болысының 10-ауылында туған, жастайынан алғырлығымен көзге түскен, зейінді, зерделі азамат болыпты. 30-жылдарғы дүрбелең кезінде Қарқаралы педагогикалық техникумын бітіріп, мұғалім мамандығын алып шыққан. Еңбек жолын туған ауылында мұғалімдіктен бастағанымен, кейін түрлі себептермен Қарағандыға қоныс аударып, қаланың «Ескі қала» деп аталатын ауданының ішкі істер бөліміне қызметке тұрады. Әр нәрсеге қабілетті азамат жаңа жұмысын да жылдам меңгеріп кетеді. Соғыстан кейінгі сүреңсіз жылдарда қоғамдық тәртіпті қалыпқа келтіруге, өрттей жайлаған қылмысты жоюға көп үлес қосады. Қызмет ете жүріп Алматы қаласындағы әскери-милиция мектебін үздік бітіріп шығады. Капитан шенін алады, Сталин аудандық милиция бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтеріледі, — деп әңгімелейді Нұрлан Дулатбеков.

а
Фото: Мадияр Менисов

Бірақ, арыз-шағымның әлі тыйылмай тұрған шағы. Сондай көлденең жалақордың кесірінен Нұржан Менисұлы да істі болып, бес жылға сотталып, Ресейдің бір қиыры — Игарка деген жерге айдалып кете барады. Бұл 1948 жыл.

— Нұрекеңнің құдай қосқан қосағы Дәния шешеміз Арқа өңіріне аты мәлім, ел арасында «Жақсы Жәкең» аталып кеткен Жанғұтты бидің ұрпағы, текті, бетті адам екен. Жолдасының жазықсыз екенін айтып, тиісті орындарға тынбай шағымданады. Онысына құлақ аса қоймаған соң тәуекел деп тура Мәскеудің өзіне тартады. Екі кішкентай нәрестесін тастап, құрсағында жеті айлық баласы бола тұра тәуекелге бел буады. Онда да біраз мекемелердің табалдырығын тоздырады. Кремльдің алдына келіп, мұңын шағады, лауазымды тұлғалардың, тіпті Лаврентий Берияның алдында болады. Одан да қайыр болмаған соң қаймықпай Сталиннің қабылдауына жазылады. Адам айтса нанғысыз, көп ұзамай кездесуге рұқсат алады. Қуанышы қойнына сыймай, Сталиннің қабылдау бөлмесінде тұрғанда бірнеше қызметкер келіп, Сталинге Кеңес одағы көсемдерінің бірі, партия қайраткері Андрей Ждановтың қайтыс болғанын хабарлайды. Біраз уақыттан кейін Сталин Дәния апамызды қабылдайды. Ол кісі бар мұң-зарын, арыз-тілегін жайып салады. Міне, осы сәтте айы-күні жетіп жүрген Дәнияның толғағы келіп қалады. Сөйтіп сол жерде босанады. Кіндігі Кремль ішінде кесілген сәбиіне Қайсар деп ат қояды. Бұл да бір ерекше оқиға, сондағылар жас ананы Кремльдің ауруханасына жатқызады. Бір аптадан соң жас ана мен нәрестені шығарып салып, олар Қарағандыға әскери ұшақпен жеткізіледі. Ең бастысы, жолдасы Нұржан да көп ұзамай тұтқыннан босап, елге оралған, — дейді спикер.

Айтуынша, Нұржан Менисұлы кейінде Қарағанды облысының Шет ауданы көлемінде түрлі қызметтер атқарған. 1986 жылы өмірден озыпты.

— Қазақтың қайсар әйелі, адал жар, ардақты ана Дәния шешеміз де бүгінде өмірде жоқ. 1948 жылы Кремльде кіндігі кесілген Қайсар Нұржанұлы Қарағандыға жақын Мичурин совхоз-техникумын бітіріп, ұзақ жылдар мамандығы бойынша Саран қаласында еңбек еткен. 2015 жылы дүние салды. Артында алты баласы қалды. Олардан өрбіген ұрпақтар тағылымды ата-әжесі, әке-шешесінің атына кір келтірмей, қоғам өмірінің әр саласында жемісті еңбек етіп жүр. Халқымыздың арғы-бергі тарихындағы білек күшімен, шешен тілімен, ақыл-парасатымен үлгі болған батыр аналары, қайсар қыздарының жалғасы, бір сынығы сынды Дәния шешеміздің қысқаша ғұмырбаяны осындай. Біз бұл жерде аумалы-төкпелі заманға, мұздай құрсап тұрған сұрапыл саясатқа, ең бастысы — өзінің айы-күні толып отырған жүкті жағдайына қарамай айшылық алыс жолға шығып, әділет жолында талмай күресіп, ақыры жеңіске жеткен қарапайым қазақ әйелінің боямасыз болмыс-бітімі осындай, — дейді профессор.

а
Фото: Мадияр Менисов

Ұлттық ғылым академиясының академигі Нұрлан Дулатбеков тарих тағылымы, түптеп келгенде, мемлекет пен қоғамның тарихын, оның тұғырлы тұлғаларының өмірбаянын түгендеп, тізбелеп шығу ғана емес, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін сияқты солақай саясатқа ізін қалдырған Дәния ана сынды адамдардың өмір жолына қатысты дерек-дәйектер де барынша қамтылуы керек екенін тілге тиек етті.

— Жеке адамдардың тағдыр-тарихына қатысты осындай оқиғаларды да назардан тыс қалдырмай, іздеп табу, жариялау — бүгінгі күннің парызы, — деп түйіндеді әңгімесін Нұрлан Дулатбеков.

Еске сала кетейік, осыған дейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаудың тұтқынына түскен қазақстандықтардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз екенін айтқан болатын.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтайтын мемкомиссия 2023 жылдың соңында жұмысын аяқтады.

Соңғы жаңалықтар